NoFake

Жасанды интеллект: ұстаз бен оқушыға көмекші ме, әлде қауіп пе

Фото: Gov.kz

Соңғы бір жыл Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану кең тарап келеді. Бірі оны сабаққа қызығушылықты арттыратын құрал десе, енді бірі балалардың ойлау қабілетіне әсер етеді деп алаңдайды.

NoFake.kz тілшісі ЖИ ұстаз бен оқушыға көмекші ме, әлде, қауіп пе деген сұраққа жауап іздеп, Алматы қаласы №196 жалпы білім беретін мектептің музыка пәнінің мұғалімі Дүкенбаева Қанымжан Тойғанбайқызымен сұхбаттасты.

Музыка пәні мұғалімінің айтуынша, мектептерде ЖИ-ді қолдану арқылы мұғалімдер интерактивті сабақтар өткізіп, анимация, 3D модельдер, ойын форматындағы тапсырмалар әзірлей бастады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары түрлі-түсті танымдық контенттерге қызығушылық танытады. Ал жоғары сынып оқушылары деректі фильм, клип және визуалды форматтағы материалдарды көбірек қабылдайды.

«Бұрын сабаққа қажетті көрнекіліктерді үйде отырып қолмен жасап, бояп, қиып дайындайтынбыз. Қазір интерактивті тақта мен ЖИ көмегі арқылы оны бірнеше минутта жасауға болады. Әсіресе музыка сабағында түрлі анимациялық ойындар мен жаттығулар балалардың назарын жақсы ұстайды», — дейді ұстаз.

Оның сөзінше, жасанды интеллект мұғалімдердің цифрлық сауатын да арттырған.

«Әрине, ЖИ-ді бірден меңгеріп кету оңай болған жоқ. Әсіресе, жасы үлкен ұстаздарға промт жазу мен бағдарламаларды пайдалану қиындау тиді. Бірақ мемлекет тарапынан тегін курстар ұйымдастырылып, біз ЖИ-ді сауатты қолдануды үйрендік. Қазір брошюра, шақыру қағазы, диплом сияқты дүниелерді өзіміз-ақ жасай береміз», — дейді Қанымжан Тойғанбайқызы.

ЖИ-дің пайдасы мен зияны

Ұстаздың сөзінше, жасанды интеллектінің педагогтер үшін бірнеше пайдасы бар.

Иллюстрация: NoFake.kz

Дегенмен, педагог ЖИ-ді шамадан тыс қолдану «клиптік ойлауға» алып келуі мүмкін екенін айтады. Яғни бала қысқа әрі тез өзгеретін контентке үйреніп, ұзақ мәтін оқуға немесе терең талдауға қызықпай қалуы ықтимал. Сондай-ақ оқушылардың дайын жауапқа тым тәуелді болып кету қаупі де бар. Бұл өз бетінше ойлану мен іздену қабілетін әлсіретуі мүмкін.

Оқушылар ЖИ арқылы контент жасағанда неге мән беруі керек?

Қанымжан Тойғанбайқызы оқушыларға цифрлық гигиенаны сақтауға кеңес береді:

Иллюстрация: NoFake.kz

Маманның пікірінше, болашақта ЖИ білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады. Сондықтан балаларға технологияны ерте жастан дұрыс әрі қауіпсіз пайдалануды үйрету маңызды.

Оқу үшін