Жеке сот орындаушылары енді шот бұғаттай алмай ма — Палата жауап берді

Фото: freepik.com
Әлеуметтік желіде жеке сот орындаушылары енді азаматтардың шоттарын бұғаттамайтыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz. аталған жаңалықтың қаншалықты рас екенін анықтап көрді.
Желіде көпшілік «енді жеке сот орындаушылары азаматтардың шоттарын бұғаттай алмайды» деген тақырыпты көп талқылаған. Олардың бірі аталған ақпаратты растаса, енді бірі «олай болуы мүмкін емес» екенін жазған.

Аталған бастаманың қаншалықты рас екенін білу үшін, Жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасына хабарластық.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені ЖСО-ның жұмысы атқару құжатының талаптарын уақтылы және толық орындау мақсатында борышкер мен оның мүлкіне қатысты мәжбүрлеу шараларын, оның ішінде ақша қаражатына тыйым салуды қабылдаумен тікелей байланысты. Бұл ретте шараларды сот орындпушысы прокурордың санкциясымен қолданады», — делінген хабарламада.
Палата, бұл ретте азаматтарда атқарушылық іс жүргізу барысы туралы қандай да бір сұрақтар туындаса, «AdiletGov»қосымшасын пайдалануға кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін Жеке сот орындаушылары Республикалық палатасы өкілдері бір қарыз үшін борышкердің барлық мүлкіне арест қоюға бола ма деген сауалға жауап берген еді.


