Мұрат Нұртілеу ұсталмаған: Сыртқы істер министрлігі ресми кездесу туралы ақпарат жариялады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Harvest Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі ресми телеграм-арнасында жариялады.
Тараптар агро-индустриялық кластерді құру барысын талқылады.
«Алғашқы кезеңде инвестициялық жоба Жетісу мен Алматы облыстарын қамтып, 150 мың гектар шалғайдағы және тыңайған жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді. Жалпы, жобаны жүзеге асыру аясында заманауи су үнемдеу жүйелерін қолдана отырып, 300 мың гектар жерді игеру жоспарланған», — деп мәлімдеді СІМ-нің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салсақ, кеше бірқатар БАҚ пен телеграм-арналар Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Бұл мәліметтерді ҰҚК, СІМ және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жоққа шығарды. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР Ішкі істер және прокуратура органдарына жалған хабарламалар таратқан авторларға қатысты шаралар қабылдауды талап ететін хат жолдады.
Фото: ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі


