Threads-та тараған схема: Көшеде «сыйлық» беріп, есірткімен қорқытады

Фото: depositphotos
Threads әлеуметтік желісінде Астанадағы Нұржол бульварында орын алған болуы мүмкін алаяқтық схема қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, белгісіз жігіттер адамдарға «сыйлық» ұсынып, кейін оның ішінде есірткі бар деп қорқытып, бопсалауы мүмкін, деп хабарлайды NoFake.kz.
Бүгінде әлеуметтік желілерге контент үшін көшеде өтіп бара жатқан адамдарға сыйлық тарату, тосыннан сұрақ қою трендке айналған. Алайда мұндай «трюкті» қылмыстық мақсатта да пайдаланушылар табылып жатыр. Оған мына желі қолданушысының жазбасы дәлел.
«Бүгін құрбым екеуміз Нұржол бульварында серуендеп жүргенде, алдымыздан шамамен 20 жастағы жас жігіт шықты. Қолында кішкентай қызыл түсті сыйлық қорабы болды. Ол бізге жақындап, “сіздерге сыйлығым бар” деп, қорапты қолыма алуды сұрады. Сол сәтте мен осыған ұқсас жағдай туралы жазбаны есіме түсірдім. Бұған дейін “Магнумда” да осындай оқиға болған екен: бір жігіт қызға қорап ұстатып, кейін “ішінде есірткі бар, енді сенің саусақ ізің қалды” деп қорқыта бастаған. Мен бірден қорапты алудан бас тартып, “ары жүр” дедім және бәрін білетінімді айттым. Ол сол бойда кетіп қалды. Кейін оның менен кейін екі баласы бар әйелге жақындағанын көрдім. Мен оған “қорапты ұстамаңыз, ол алаяқ” деп айқайладым. Телефонымды шығарып, оны видеоға түсірмек болдым, бірақ үлгермедім. Ол мұны байқап қалып, бульвардан қаша жөнелді. Сақ болыңыздар!», — деп жазған бойжеткен.

Желі қолданушылары арасында бұл жазба бірден қызу талқыға түскен. Ол 5,5мың адамға жіберіліп, 2,7 мың лүпіл жинаған. Ал жазба астында пікір қалдырушылар арасында дәл осындай жағдаймен бетпе-бет келгендер де бар.

Кейбіреулер мұндай алаяқтық түрі шетелде кең тарағанын жазып жатты. Аталған алаяқтық компаниясына қатысты редакция Астана қаласы полиция департаментіне ақпараттық сауал жіберді. Қосымша жауап жарияланады.
Айта кетейік, бұл әрекет ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес бірнеше ауыр қылмыс құрамына кіреді.
ҚР ҚК 194-бабы Қорқытып алу: Мүліктік пайда табу мақсатында адамның беделін түсіретін мәліметтермен қорқыту.
ҚР ҚК 296, 417-баптар: Есірткі айналымына қатысты арандатушылық әрекеттер.


