NoFake

Бас прокуратура дипфейк жарнамаға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Скрин видео

Қазақстанда прокуратура қызметкерінің бейнесін пайдаланып жасалған дипфейк-жарнамалар таралып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура ескертеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілерде «онлайн консультация беру және қолдау құқығы» деген атаумен жарияланған бейнеролик 240 мыңнан астам қаралым жинаған.

«Онда азаматтарға ақшалай қаражатты қайтаруға мемлекеттік орган атынан көмек көрсетілетіні айтылған. Алайда бұл бейнематериал жасанды интеллект технологиялары арқылы (дипфейк) жасалған. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды адастырып, қаражатын жымқыру. Сонымен қатар роликте аталған «Инвестицияларды бақылау агенттігі» деген мемлекеттік орган Қазақстанда мүлде жоқ екені анықталған»,- деп хабарлады Бас прокуратура.

Дипфейк белгілер

Тараған видеода форма киген ер адам өзін ресми тұлға ретінде таныстырып, инвестициялық алаяқтық көбейгенін айтып, «арнайы агенттік» арқылы қаражатты қайтаруға болатынын жеткізеді. Ол құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейтінін, қызметтің «ресми әрі тегін» екенін айтып, көрермен сеніміне кіруге тырысады.

Алайда мұнда бірнеше күмәнді белгі бар. Атап айтқанда, видеодағы логотип ресми органға тиесілі емес, қолдан жасалған. Сондай-ақ адамның бет қимылы мен көзі табиғи емес – ұзақ уақыт жыпылықтамайды, бұл дипфейкке тән ерекшелік. Мұндай тәсілдер жалған ақпаратты шынайы етіп көрсету үшін қолданылады.

Прокуратураның мәліметінше, алаяқтар көбіне осындай әдісті қолданады: алдымен халыққа қауіп бар екенін айтып қорқытады, кейін сенім тудыратын «шешім» ұсынады. Нәтижесінде азаматтар жалған қызметтерге сеніп, жеке деректерін немесе қаражатын беріп қояды.

Осыған байланысты Бас прокуратураның тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі тексеру бастап, бейнероликті әзірлеуге және таратуға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оқу үшін