NoFake

5 жыл кредит төлей алмағандар банкрот бола ала ма: МКК түсіндірді

Фото: Freepik.com

Желіде соңғы 5 жылда кредитін төлемегендер, сот шешімінсіз банкроттық рәсімдей алады деген ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың қаншалықты шын екенін анықтап білді.

Әлеуметтік желіде көпшілік соңғы 5 жыл уақыт бойы несиесін төлей алмаған азаматтар сот шешімінсіз банкроттықты рәсімдей алады деген тақырыпты жиі талқылаған.

Коллаж: Nofake.kz.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті банкроттықты кімдер және қалай рәсімдей алатынын түсіндірді. Ведомство мәліметінше, Қазақстан азаматтарының банкроттық рәсімін қолдану мәселесі «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңымен реттеледі. Бұл ретте комитет банкроттық – бұл қарыз жүктемесін азайтудың жалғыз жолы емес екенін, төлем қабілеті жоқ азаматтың берешегін төмендетудің тетіктерінің бірі ғана екенін еске салады.

Заң бойынша кімдер банкроттық рәсімдей алады?

Соттан тыс банкроттық рәсімді банк, микрокаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктерден кредит алған азаматтар жүзеге асыра алады. Ол үшін келесі шарттар сақталуы қажет:

  • қарыз мөлшері 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс (2026 жылы – 6 млн 920 мың теңге);
  • қарыз соңғы 12 ай ішінде өтелмеген болуы керек;
  • мүлік болмауы тиіс, оның ішінде ортақ/бірлескен мүлік те есепке алынады.

    Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған мәліметтерге сәйкес, аталған шарттар атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын азаматтар, сондай-ақ міндеттемелерін 5 жылдан астам уақыт бойы орындамаған, яғни соңғы 5 жыл бойы кредитін төлей алмаған азаматтар үшін қолданылмайды. Атап айтқанда:

    • егер азамат 6 ай бойы АӘК алса, ол кредитті өтеу мерзіміне қарамастан соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіне алады;
    • егер азамат 5 жыл бойы несиесін төлей алмаса, ол мүліктің бар-жоғына және несие сомасына қарамастан соттан тыс банкроттыққа өтініш бере алады.

      «Бұл нормалар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап, яғни Заң күшіне енген күннен бастап қолданылады», — делінген ведомство хабарламасында.

      Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ, заң күшіне енген күннен бастап, яғни 2023 жылдың наурызынан 2026 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта қанша Қазақстан азаматының сот шешімінсіз банкроттықты рәсімдей алғаны туралы ақпарат ұсынды.

      «Соттан тыс банкроттық рәсімінің нәтижесінде бүгінгі таңда 63 706 азамат банкрот деп танылды. Олардың ішінде 3 077 адам – АӘК алушылар, ал 18 875 адам – міндеттемелерін 5 жылдан астам уақыт бойы өтемеген тұлғалар», — делінген ведомство хабарламасында.

      Одан бөлек, ведомство қазіргі таңда төлем қабілеті төмен азаматтарға, соттан тыс банкроттық рәсімдеу туралы ақпарат беретін SMS-хабарламалар жіберу мәселесін қарастырып жатқанын атап өтті.

      Оқу үшін