NoFake

Астанада қияр мен қызанақ бағасының күрт қымбаттағаны рас па

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Әлеуметтік желіде Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елордада қияр мен қызанақ бағасының күрт өсуі талқыланып жатыр. Баға шынымен шарықтап тұр ма? Nofake.kz. көкөніс бағаларын зерттеп көрді.

Астанада күн жылынып, көкөніс маусымының басталғанына қарамастан, қияр мен қызанақ бағасының түспей тұрғаны байқалады. Оны желі қолданушылары да жарыса жазып жатыр.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Елорда тұрғындары тіпті, соңғы аптада дүкен сөрелерінде қияр, қызанақ пен орамжапырақ бағасының қымбаттағанын айтады. Оған дәлел — Ұлттық статистика бюросының өткен аптада ұсынған ресми деректері. Өткен аптада мәселен, Астанада қияр мен қызанақ бағасы бір аптада бірден 10%-ға өскен.

Көкөністердің қымбаттауы елдің басқа өңірлерінде де тіркелген. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бір апта ішінде, яғни 8–15 сәуір аралығында, елде қырыққабат (2,2%-ға), қияр (2,2%-ға) және қызанақ (1%-ға) қымбаттаған.

Мәселенің мән-жайын білу үшін, Астанадағы ірі азық-түлік желілеріне бардық. Онда қиярдың «бір түріне «Миринда» сұрыпының бағасы келісіне — 979 теңге екеніне көз жеткіздік.

Фото: Nofake.kz

Ал, дәл осы азық-түлік желісіндегі қызанақ бағасының бір түрі науқан бағасымен — 875 теңгені құраса, тағы бір сұрпы — 1699 теңге тұратынына көз жеткіздік.

Фото: Nofake.kz

Cол сияқты осы супермаркет желісінде келісі 899 теңге тұратын қызанақ түрін де байқадық.

Фото: Nofake.kz

Десе де, тұрғын-үйлердегі қияр мен қызанақ бағасы бұл жерден жоғары екені көрінеді. Мәселен, сол жағалаудағы кейбір азық-түлік дүкендерінде қияр бағасы 1100 немесе 1300 теңгеден тұрса, қызанақ бағасы одан да қымбат. Үй астындағы дүкендердің кейбірінде ол 1900-1950 теңге көлемінде сатылып жатыр.

Фото: Nofake.kz

Ресми деректер не дейді?

Елорда бойынша қияр мен қызанақ бағасы нақты қанша пайызға өскенін білу үшін, Ұлттық статистика бюросына хабарластық. Астанада 22 сәуірдегі мәліметтер бойынша, қияр бағасы расымен қымбаттағанын, өткен аптамен салыстырғанда ол 1,3%-ға артқанына көз жеткіздік. Бюро деректеріне сәйкес, қызанақ бағасы, керісінше 0,5%-ға арзандаған.

Осылайша, Ұлттық статистика Бюросы Қазақстан бойынша қиярдың орташа бағасы — 919 теңге екенін, ал қызанақтың орташа бағасы келісіне — 1104 теңге екенін растады.

Ал, былтырғы жылы дәл осы кезеңде қияр бағасы ел бойынша биылғы жылмен салыстырғанда 42,5%-ға, қызанақ бағасы 12,2 %-ға арзан болған. Демек, биыл расымен жалғыз Астана ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша көктемгі маусымға қарамастан, қияр мен қызанақ бағасы қымбат болып тұр. Яғни, бұл ақпарат жалған емес, шындық.

Құзырлы органдар тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы хабарлауынша, елордада қияр мен қызанақ бағасының өсуі маусымдық сипатқа ие екенін атап өтті.

«Маусымаралық кезеңде (көктем айларында) көкөністердің негізгі бөлігі жылыжай шаруашылықтары мен импорт есебінен қалыптасады, бұл баға деңгейіне әсер етеді. Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, аталған тауарлардың бағасы тұрақты күйде сақталуда», — делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік сондай-ақ, қаладағы ірі сауда желілерінде қияр мен қызанақ бағасына тоқталып өтті.

«2026 жылғы 24 сәуірдегі жағдай бойынша елордада қияр мен қызанақ бағасы сауда орындарына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы: «Small» сауда желісінде қияр – 1086 тг/кг, қызанақ – 1092 тг/кг. «Шапағат» базарында қияр – 900 тг/кг, қызанақ – 900 тг/кг. Magnum сауда желісінде қиярдың бағасы – 895 тг/кг, қызанақ – 1048 тг/кг», — делінген хабарламада.

Осы ретте, қала әкімдігі Астана қаласы аумағында ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сауда департаменті жұмыс істейтінін еске салады.

«Бұл орган ҚР Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық бөлімшесі болып табылады және ішкі сауда мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында реттеуші, іске асырушы және бақылау функцияларын жүзеге асырады», — делінген хабарламада.

Әкімдік, азаматтарға егер кәсіпкерлік субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15% сауда үстемесін асырып жіберген жағдайлар анықталса, Департаментке e-Өтініш порталы (https://eotinish.gov.kz) арқылы жүгінуге кеңес береді.

Бұл ретте, әкімдік өтінішке дәлелдейтін материалдарды (фото немесе бейнематериалдар, кассалық чектер, сауда нысанының мекенжайы және т.б.) қоса тіркеу қажеттігін атап өтті. Айтуларынша, бұл тексеруді жедел жүргізуге және ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Оқу үшін