Астанада алаяқтар зейнеткерді жалған тексеруге шақырған

Фото: freepik.com
Алаяқтар емхана қызметкерлері болып танысып, егде жастағы ер адамнан SMS-кодтарды алмақ болған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Астанада полицейлер 77 жастағы зейнеткерге қатысты алаяқтық әрекеттің алдын алды. Құқықбұзушылық туралы белгі Қазақтелеком желісі арқылы түскен.
«Белгісіз тұлғалар зейнеткерге хабарласып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырып, шұғыл медициналық тексеруден өту қажет екенін айтқан», – деп хабарлады полиция.
Ведомство дерегінше, осы сылтаумен күдіктілер оны жаңылыстырып, телефонға келетін растау кодтарын айтуға, сондай-ақ жеке деректерін беруге көндірмек болған.
«Полиция қызметкерлерінің дер кезінде араласуының арқасында заңға қайшы әрекеттердің жолы кесілді», – деп атап өтті ведомство.
Зейнеткермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен сақтық шаралары түсіндірілді.


