NoFake

Петропавлда мұғалімдерді бопсалаған фейк аккаунт анықталды

Фото: ҚР ІІМ

Петропавлда полиция мұғалімдерге қатысты қорлайтын жазбалар жариялаған TikTok-тағы жалған аккаунт авторын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Петропавл қаласындағы мектептердің бірінің қызметкерлеріне қатысты жалған ақпарат тарату фактісі бойынша полицияға арыз түсті. Аталған факт тіркелді. Қазіргі таңда әкімшілік іс қозғалып, фейк контент авторын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде», – деп жауап берді редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.

Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сәйкес, жәбірленушілердің бірінің туысы полицияға арыз түсірген. Ол аккаунт авторының әрекетін ар-намыс пен қадір-қасиетке қол сұғу деп бағалаған. Платформа қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін кейбір жарияланымдарды өшіріп үлгерген.

Сонымен қатар, интернетте бұл жағдайға байланысты бопсалау әрекеттері болуы мүмкін деген ақпарат та таралуда. Яғни белгісіз адамдар даулы контентті өшіру үшін ақша ұсынғаны айтылған. Егер бұл дерек расталса, әрекет қылмыстық құқықбұзушылық ретінде саралануы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Оқу үшін