NoFake

Атыңызға алаяқтық несие рәсімделсе, не істеу керек — Қаржы агенттігі түсіндірді

Фото: Depositphotos

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) алаяқтық несие рәсімделген жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қаржы реттеушісі аталған түсіндірмені ресми сайтында жариялады.  Жадынамада мұндай жағдай орын алса, банкті немесе МҚҰ-ны дереу хабардар етуден және дәлелдемелерді тіркеуден бастап, eGov немесе e-Otinish арқылы полицияға жүгінуге дейінгі қадамдық ұсыныстар берілген.

Міне, агенттік ұсынған 8 маңызды қадам:

1. Кредиторды дереу хабардар ету

Несие ресімделгенін білген бойда банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) хабарласыңыз.

Карталарды, шоттарды және мобильді қосымшаны бұғаттауды талап етіңіз.

Ресми өтініш беріп, оның қабылданған уақыты мен нөмірін сақтап қойыңыз.

2. Дәлелдемелерді жинау

Болашақта сотта немесе полицияда қажет болатын барлық ақпаратты сақтаңыз:

Алаяқтармен сөйлесу жазбалары (скриншоттар, аудио).

Келген SMS-кодтар мен хабарламалар.

Шоттан ақшаның қайда кеткені туралы үзінді көшірме (реквизиттер).

3. Полицияға арыз беру

Арызды eGov, e-Otinish порталдары арқылы немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып беруге болады. Арызда несие сомасын, күнін және кредитордың атауын дәл көрсетіңіз. Тіркелгеннен кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғалады.

4. Жәбірленуші статусын алу

Тергеу барысында сізге «жәбірленуші» мәртебесін беретін қаулы шығарылуы тиіс. Осы құжатты алған соң оны кредиторға (банкке) апарып өткізіңіз.

5. Төлемдерді тоқтата тұру

Жәбірленуші статусы туралы құжатты алғаннан кейін кредитор 3 жұмыс күні ішінде:

Берешекті өндіріп алуды тоқтатуға;

Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуді доғаруға;

Сотқа шағым түсіру жұмыстарын тоқтатуға міндетті.

6. Несиені есептен шығару (кешіру)

Агенттік несиенің автоматты түрде жойылмайтынын ескертеді. Несие мына жағдайларда ғана кешіріледі:

Алаяқтық фактісі толық дәлелденсе;

Несие беру кезінде банктің қателігі (мысалы, биометриядан өткізбеу, «салқындау кезеңін» сақтамау) анықталса.

7. Соттан тыс және сот арқылы жою тәртібі

Соттан тыс: Егер банк өз қателігін (мысалы, клиенттің несие алуға қойған ерікті тыйымы бола тұра ақша берсе) мойындаса, несиені өзі жояды.

Сот арқылы: Егер банк несиені жоюдан бас тартса, мәселе сотта қаралады. Сот банктің қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтағанын тексереді.

8. Несие тарихын тазарту

Сот шешімі немесе банктің ішкі шешімі шыққаннан кейін, кредитор:

Қарызды толық жоюға;

Ұсталған ақшаны қайтаруға;

Мемлекеттік несие бюросына хабарласып, сіздің несие тарихыңыздан бұл қарыз туралы жазбаны өшіруге міндетті.

Мамандар алаяқтықтың алдын алу үшін eGov мобильді қосымшасы арқылы «Несие алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін қосып қоюды ұсынады. Бұл сіздің атыңызға онлайн несие ресімдеу мүмкіндігін бұғаттайды.

Оқу үшін