NoFake

Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы: «Сұр» схемаларды жою үшін не өзгереді?

Фото: freepik.com

Еңбек министрлігі төлемдерге «жоғарғы шек» қойылып, олардың төлену мерзімі қысқартылатынын мәлімдеді, — деп хабарлайды NoFake.kz.

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) жай-күйі туралы айтып беріп, қордың дефолтқа ұшырайтыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

«Қор дефолтқа ұшырамайды. Ондай қауіп болған емес. Қор тұрақты жұмыс істеп тұр, түсімдер түсіп жатыр. Көрсеткіштерді порталдан ашық түрде көруге болады. Қордъың балансы оң мәнге ие», — деп атап өтті ол.

Бұдан әрі министр жұмыссыздық бойынша берілетін әлеуметтік төлемдер мәселесіне көшті. Оның айтуынша, «сұр» схемаларды болдырмау үшін төлемдерді тағайындау және төлеу тәртібі қайта қаралады.

«Қордан төленетін төлемдер мен олардың көлемінде неліктен өзгерістер болып жатыр? Мұндай өзгерістер бар, мен оны растаймын. Бұл қордан қазіргі уақытта анықталып жатқан схемаларға байланысты. Мәселен, соңғы оқиғалардың бірі — бір бухгалтер 10 ұйымда жұмыс істеп, барлығынан бір мезгілде шығып кеткен және өзін жұмыссызбын деп мәлімдеп, қорға өтінім берген. Бұл ретте, қор ережесі бойынша төлемдер оның орташа жалақысын есепке ала отырып есептелуі тиіс», — деді министр.

Осылайша, оның айтуынша, қазіргі уақытта жәрдемақы төлемдерінің шегі қайта қарастырылып жатыр.

«Мақсат – қордың айналасында пайда болған «сұр» схемаларды жою. Жұмыссыздық бойынша төлем ретінде 1 млн теңгеге дейін қаражат алатын жағдайлар бар. Бірақ бұлай болмауы тиіс. Біз есептеулерді қайта қарап, заң аясында тиісті төлем мөлшерін анықтаймыз», — деді министр.

Сонымен қатар, ол азаматтарға тиесілі барлық төлемдер сақталатынын айтты. Сондай-ақ, пандемияға дейін болғандай, төлем мерзімін алты айдан төрт айға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, тұлғаны жұмыссыз деп тану тәртібін өзгерту ұсынылған: қазір бұл статус жұмыстан шыққаннан кейін үш күннен соң берілсе, енді бұл мерзімді 10 күнге дейін ұзарту көзделген.

«Әйтпесе, азамат жұмыстан шыға сала, 3 күннен кейін жұмыссыздық бойынша төлем алуға жүгінетін жағдайлар жиілеп кетті. Өзгерістер негізсіз төлемдерді болдырмау үшін енгізіліп жатыр», — деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген және жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар ала алады.

Оқу үшін