Әйелдердің зейнет жасы: Министр Ертаев түсініктеме берді

Фото: Depositphotos.com
Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әйелдердің зейнет жасына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Журналистер тарапынан 2031 жылға қарай әйелдердің зейнет жасының ерлермен теңесіп, 63 жасқа жетуіне қатысты сұрақ қойылды. Қоғамда қызу талқыланып жатқан «Бұл реформаның негізгі мақсаты не?» деген сауалға министр Әлеуметтік кодекстің талаптарын алға тартты.
«Жалпы Әлеуметтік кодексте ер адам мен әйел адамның қандай жаста зейнетке шығуы нақты белгіленген. Ол — заң. Сол заңға орай тиісті жұмыстар іске асырылады», — деді Асқарбек Ертаев.
Ескерте кетсек, зейнет жасын кезең-кезеңімен теңестіру әйелдердің зейнетақы жинақтарын көбейту және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері әлеуметтік желілерде мұғалімдерді 55 жастан бастап зейнетке шығару туралы ұсыныстардың жиі айтылып жатқанын жеткізді. Министр бұл мәселенің ресми деңгейде қаралмағанын айтты.
«Ал мұғалімдер туралы бізге ондай ұсыныс түскен жоқ. Біз оны талқылаған жоқпыз. Ондай сұрақ бізде қарауда жоқ», — деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев
Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы Әлеуметтік кодекс аясында жұмыс істейтінін және жақын арада белгілі бір кәсіп иелері үшін зейнет жасын төмендетуді жоспарлап отырмағанын растады. Қазіргі заңнамаға сәйкес, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілген, содан кейін ол 2031 жылға қарай 63 жасқа дейін жыл сайын өсіп отырады.


