NoFake

ҰБТ-ға қандай өзгерістер енеді: Аида Балаева түсіндірді

Фото: gov.kz

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін реформалау ұсынылды. Жаңа өзгерістер бір ғана тест тапсыруды және педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуді күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Алдағы трансформация туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

«Адами капиталға инвестиция жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл қағида жаңа Конституцияның прогрессивті идеяларының, сондай-ақ Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың өзегіне айналды. Бүгінде әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері жасалып, халықаралық ынтымақтастық күшейіп, цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр», — деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының айтуынша, мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады.

«Нәтижесінде білім саласы тек білім берумен шектелмей, нақты дағдыларды меңгерген, экономиканың сұранысына жауап беретін мамандарды даярлауға бағытталады. Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу. Осы үдерісте талапкерлерді іріктеу жүйесін, соның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады», — деді ол.

Сондай-ақ, ол көпжылдық тәжірибе ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезінде ашықтықты, қолжетімділікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсеткенін атап өтті.

«Алайда әр заманның өз талабы бар. Уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығы, құзыреттер мен ережелер өзгеріп жатыр. Біз білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді», — деді ол.

Сонымен қатар, Аида Балаева қазіргі кезде жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайтынына тоқталды. Бұған себеп — мүмкіндіктердің шектеулі болуы.

«Бұл, ең алдымен, адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты. Осыған байланысты бірқатар шараларды қабылдау қажеттілігі туындап отыр», — деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасы енгізілетінін атап өтті.

«Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс. Өйткені «педагог» – жай ғана мамандық емес. Бұл – балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды», — деді ол.

Ол келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілетінін жеткізді.

«Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі», — деді ол.

Аида Балаева, ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс.

«Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады», — деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының орынбасары, жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажеттігін мәлімдеді.

«Соңғы көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті баллды жинай алмайды. Сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды. ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам», — деді ол.

Премьер орынбасары ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болатынына сенім білдірді.

Оқу үшін