NoFake

Діңгекті жасушаларды ауыстыру арқылы аутизмді емдеуге бола ма

Фото: Freepik.com

Көпшілік арасында аутизмді діңгекті жасушаларды ауыстыру арқылы емдеуге болады деген миф тараған. АВА терапия маманы бұл мифке қатысты да өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

АВА терапия маманы Азамат Бақытбекұлы Nofake.kz редакциясына берген сұхбатында, «Діңгекті жасушаларды ауыстыру арқылы аутизмді емдеуге бола ма?» деген сауалына жауап берді.

«Баланың даму жағынан қарастыратын болсақ, терапия, көмек түрлері көп болғанымен, ең алдымен оның денсаулығына мән беру керек. Мысалы, біз сабаққа келместен бұрын, оның денсаулық жағдайын тексереміз. Егер неврология жағынан қиындықтар болса, баланы сол жағынан емдеу керек болады. Сол сияқты дәрумен, минералдармен де солай. Онымен ағзаны қамтамасыз етіп, толтыру керек», — деді маман.

Маман, балада медициналық тұрғыдан қандай да бір қиындық болмаса, яғни миының жұмысы дұрыс болып, көзі көріп, құлағы естіп және т.б. дұрыс, қалыпты болса, онда оны тек оқыту, сабақ беру арқылы өмірге бейімдеуге болатынын айтты.

«Бұл жерде әр бала әр түрлі. Бір ерекше бала екінші балаға ұқсамайды. 8 жыл жұмыс барысында бірдей бала көрмеппін, барлығында бір диагноз, бірақ балалар әр түрлі. Сол себепті көмек көрсету деңгейі де әр түрлі болады», — деді ол.

Азамат Бақытбекұлы көп жағдайда қиындық скрининг кезінде пайда болатынын атап өтті. Бұл ретте, оның сөзінше ата-аналар баланы дамыту бағытын білмей, мамандардан дұрыс бағыт ала алмай, өздері даму жолын іздей бастайды.

«Сосын бізде дәлелді, яғни толық көмек көрсеткен сабақ түрлері мен зерттелмеген терапия немесе қауіпті көмек көрсету түрлері арасында нақты бөлініс жоқ. Оның барлығы бір жерде айналып жүр, себебі біреуге көмектеседі, біреуге көмектеспейді деген бар. Сол сияқты діңгекті жасушаларды ауыстыру бағыты да әлі толық зерттелмеген», — деді ол.

Маман мұндайда ата-аналар тәжірибе жасап көретінін, сосын қай көмек түрінің тиімді екенін өздері таңдайтынын атап өтті. Сондай-ақ, ол діңгекті жасушаларды ауыстыруға қатысты маман мен ата-ана арасында келісімшарт жасалатынын, онда терапияның бұл түрі балаға көмек бермеуі мүмкін екені айтылатынын жеткізді. Сол себепті, ол барлық жауапкершілік ата-аналардың өзі мен әр балаға қатысты емдеу хаттамасына байланысты екенін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін маман редакцияның вакцина салдарынан аутизмге шалдығу қаупі туралы мифке жауап берген еді.

Оқу үшін