Құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласынан асып түскені рас па

Фото: Freepik.com
Бүгін Үкімет отырысында елімізде қай салалардың экономикалық өсім әкелгені белгілі болды, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсуі 3%-ды құраған. Ведомство бұл ретте қызметтер өндірісіндегі өсім 3,7%-ға, ал нақты секторда 2,1%-ға жеткенін хабарлайды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Азамат Әмрин сондай-ақ елде қай салада экономикалық өсім байқалатынын атап өтті.
«Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс – 14,8%, көлік қызметтері – 12,8% және өңдеу өнеркәсібі – 8,5% көрсетті. Жылдың алғашқы екі айында сыртқы сауда айналымы $21,7 млрд құрады, мұнда $2,4 млрд – оң сальдо», — деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, өткен жылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсіп, ол екінші жыл қатарынан тау-кен өнеркәсібінің (2025 жылы – 11,9%) деңгейінен асып түсіп отыр.
«ЖІӨ-дегі мұнай секторының үлесі екі есе қысқарды. 2010 жылы ол 16,5% болған болса, 2024 жылы 8,1%-ға дейін түсті», — деді ол.
Сонымен қатар, ведомство өкілі тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі әртараптандыруға баса назар аудару қажеттігін, бұл «орташа табыс тұзағынан» шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалу барысы талқыланды.


