Банктер мобильді аударымдар деректерін Кірістер комитетіне қашан береді

Фото: Freepik.com
Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау шегі ең төменгі жалақының өсуіне байланысты артады, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Салықтық әкімшілендіру жаңа Салық кодексіне сәйкес» конференциясы аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген мобильді аударымдар бойынша есеп беру тәртібіне ең төменгі жалақының өсуі қалай әсер ететінін түсіндірді.
Оның айтуынша, ең төменгі жалақы артқан жағдайда мобильді аударымдар туралы деректерді беру міндеті туындайтын ең төменгі шек те қайта қаралады.
«Егер ең төменгі жалақы өссе, біз ең төменгі шекті соманы да қайта қараймыз. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес бұл көрсеткіштер де өсіп отырады. Қазіргі таңда шек 1 миллион 20 мың теңгені құрайды», — деді ол.
Қазіргі таңда деректерді беру бірнеше шарттың жиынтығына байланысты. Соның бірі — мобильді түсімдердің белгіленген шектен асуы, яғни үш ай ішіндегі жалпы аударым сомасы.
Сонымен қатар, бір мезетте басқа да шарттар орындалуы тиіс: үш ай қатарынан әр айда шотқа кемінде 100 түрлі тұлғадан аударым түсуі қажет.
«Яғни бірінші айда — 100 жіберуші, екінші айда — 100 және үшінші айда да — 100. Егер кемінде бір айда жіберушілер саны 100-ден аз болса, онда талаптар орындалмайды», — деп түсіндірді Шынберген.
Барлық шарттар бір уақытта орындалған жағдайда, банктер ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне одан әрі талдау үшін жолдайды — соның ішінде жеке тұлғаның кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттігін анықтау үшін.
Айта кетейік, Қазақстанда 15 сәуірден бастап мобильді аударымдарды тексеру тетігі іске қосылды. Бұл жүйе тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтау үшін жеке шоттарды бизнес мақсатында пайдалануды бақылауға бағытталған.


