NoFake

Мемлекеттік кірістер комитеті бизнестің жаппай жабылып жатқанын жоққа шығарды

Фото: Freepik.com

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті ел бойынша, керісінше, кәсіпкерлер санының өсуі байқалатынын атап өтті, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген «Жаңа Салық кодексіне сәйкес салықтық әкімшілендіру» конференциясының кулуарында жаңа салық режимі бизнестің жаппай жабылуына әкелді деген қауесетке түсініктеме берді.

«Бірқатар жаңа салық режимдері енгізілді, көптеген өзгерістер болды. Алайда динамикаға қарасақ, салық төлеушілер саны азайып жатқан жоқ — керісінше, өсім бар. Бұл, соның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимнің енгізілуімен және оңайлатылған декларация негізіндегі режимнің жаңартылуымен байланысты. Яғни, шекті мәндер ұлғайтылды, шарттар қайта қаралды, кейбір шектеулер алынып тасталды», — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, жалпы алғанда оңайлатылған режим кәсіпкерлер үшін икемді әрі қолжетімді бола түскен.

Сонымен қатар Ерқанат Шынберген бизнесті тарату процесі табиғи құбылыс екенін және жыл сайын болып тұратынын атап өтті.

«Қателеспесем, өткен жылы шамамен 400 мың субъект таратылды. Бұл қалыпты процесс — заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер жабылады. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес. Бірақ жалпы динамикаға қарайтын болсақ: шартты түрде 400 мың жабылса, шамамен 500 мың ашылды», — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі аясында жалпыға бірдей белгіленген режимнен бөлек, салық төлеушілер үш арнайы салық режимінің бірін таңдай алады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған салық режимі.

Оқу үшін