NoFake

Кене маусымы: нені білу маңызды және қандай мифтер бар

Фото: freepik.com

Кене маусымы басталғалы бері оған қатысты мифтер де қызу талқыланып жатыр. Nofake.kz мамандарға жүгініп, олардың қайсысы шын, қайсының жалған екенін анықтап көрді.

Қазақстанда биыл кене маусымы әдеттегіден шамамен екі апта ерте — наурыз айының соңында басталды. Мамандар оны күннің ерте жылынуы мен ылғалдылықтың жоғары болуымен түсіндіреді.

Қазіргі таңда еліміз бойынша медициналық ұйымдарға кене шағуына байланысты мыңнан астам адам жүгінген, олардың жартысына жуығы — 14 жасқа дейінгі балалар екені белгілі болды. Одан бөлек, кене энцефалиті жағдайлары әзірге тіркелмегені анықталды.

Дәстүрлі түрде эндемиялық өңірлерге Алматы облысы, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары жатады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сарапшысы Арай Зекенованың айтуынша, кенеге қарсы өңдеу жұмыстары тұрақты температура +5 градустан асқанда басталады.

«Қазіргі таңда Алматы қаласында, Алматы және Жетісу облыстарында дезинсекциялық шаралар басталды», — деді ол.

Алматы тұрғындары арасында бұл мәселе ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі, желіде санитарлық қызметтердің жұмысы белсенді талқылануда. Алайда мамандар жағдай бақылауда екенін айтады. Арай Зекенованың сөзінше, Алматыда ауқымды дезинсекциялық тазалау жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгінде сегіз аудан аумағында 2 мың гектардан астам жерде өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айының соңынан бері аумақтың шамамен 60%-ы өңделді», — деді маман.

Өңдеу жұмыстары Алматының Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық және Жетісу аудандарында аяқталған. Қазір Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында жүріп жатыр.

Жалпы еліміз бойынша кенеге қарсы шараларға республикалық бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражат препараттарды сатып алуға, қызметкерлерді оқытуға, жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын дайындауға бағытталған.

«Бұл қаражатқа препараттар сатып алынады, қызметкерлерге уытты заттармен жұмыс істеу техникасына және улану жағдайында алғашқы көмек көрсету үйретіледі, сондай-ақ жабдықтар, арнайы техника, дезинсекциялық құрылғылар, арнайы киімдер мен жеке қорғаныс құралдары дайындалады», — деп атап өтті Арай Зекенова.

Өңдеу жұмыстары екі кезеңде жүргізіледі — көктемде және жаздың ортасында, кене белсенділігінің шарықтау кезеңі қарсаңында. Қалаларда саябақтар мен скверлер өңделсе, ауылдық жерлерде елді мекендердің айналасында 200 метрге дейінгі қашықтықта бөгеттік өңдеу жүргізіледі.

Дезинсекция барысында «Дельтекс», «Циперметрин», «Таран» және «Фаворит» препараттары қолданылады. Мамандардың айтуынша, олар адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.

Ақпарат жеткілікті болғанына қарамастан, кенелерге қатысты түрлі мифтер әлі де бар. Арай Зекенова ең кең таралған мифтерді түсіндірді.

Миф 1: кенелер ағашта өмір сүреді
Кенелер негізінен биік шөпте, бұталар арасында, сондай-ақ ылғалды әрі көлеңкелі жерлерде тіршілік етеді.

Миф 2: кенелер тек көктемде белсенді
Шын мәнінде, олар жыл бойы түрлі уақытта белсенді болуы мүмкін, әсіресе жаңбырдан кейін, ылғалдылық жоғары кезде, көбіне таңертеңгі уақытта белсенді болады.

Миф 3: йод, сарымсақ немесе май кенеден қорғайды
Маман бұл тәсілдерді тиімсіз деп атады. Олардан қорғанудың басты құралы — тек арнайы репелленттер. Табиғатқа шығар алдында баратын аймақ туралы ақпаратпен алдын ала танысқан жөн.

«Арнайы киім киген дұрыс. Киім ашық түсті болып, дененің ашық жерлерін жабуы керек. Міндетті түрде бас киім кию қажет. Табиғаттан қайтқан соң денені кенеге тексеру керек», — дейді Арай Зекенова.

Миф 4: кенелер адамдарды қан тобына қарай таңдайды
Маман бұл пікірді толық жоққа шығарды.

Миф 5: әйелдер “жұқа теріге” байланысты жиі шағылады
Статистика мұны растамайды: ерлер мен әйелдерді кене бірдей шағады.

Миф 6: кенені тез алып тастау жұқтыру қаупін жояды
Маман мұны қауіпті қате түсінік деп атады.

«Егер кене шағып алса, мүмкіндігінше тезірек медициналық ұйымға жүгіну қажет — ең дұрысы үш күннің ішінде, кенеге қарсы иммуноглобулинмен шұғыл профилактика алу керек болады. Айқын белгілер болған жағдайда, кенені Ұлттық сараптама орталығының филиалдарында кене энцефалиті вирусына тексереді», — деп түсіндірді ол.

Кенелерден қатты қорқып қажет емес, бірақ сақтықа қорлық жоқ екенін ұмытпаған жөн. Жабық киім кию, репелленттерді қолдану және серуеннен кейін денені тексеру кене шағу қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Кенелер белсенді кезеңде тіпті болмашы белгілерге де мән беру керек, ал қажет болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну керек. Барынша толық мағлұмат алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау — ең тиімді қорғану белгісі, дейді мамандар.

Оқу үшін