NoFake

Таразда әйел жалған қарақшылық ұйымдастырғаны үшін сотталды

Фото: Jambil.kz

Тараз қаласында қылмыс жасалды деп жалған ақпарат берген әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.

Іс Қылмыстық кодекстің 419-бабы 2-бөлігі бойынша қаралғанын №2 қалалық сот мәлімдеді.

«Сотталушы Н. өзінің алтын зергерлік бұйымдарын ломбардқа тапсырып, түскен қаражатты белгісіз адамдар ұсынған “трейдинг оқыту” үшін аударған», – деп мәлімдеді сот.

Сот материалдарына сәйкес, кейін бұл курстың жалған екенін түсінген әйел жағдайды отбасынан жасыру үшін қылмыс оқиғасын қолдан ұйымдастыруға барған. Ол келініне тиесілі алтын және гауһар бұйымдарды жасырып, өзін скотчпен байлап, үйіне белгісіз адамдар кіріп, күш қолданды деп полицияға арызданған.

Алайда жүргізілген тергеу нәтижесінде бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды.

«Полиция жүргізген тергеу барысында қылмыс туралы мәлімдеменің жалған екендігі анықталды», – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында прокурор айыпталушыға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал сотталушы кінәсін мойындап, жазаны жеңілдетуді өтінген.

Сот оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындағанын және өкініш білдіргенін ескеріп, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оған пробациялық бақылау белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқу үшін