Желіде зейнетақы жинағын шешіп беру бойынша жалған қызметтер таралып жатыр

Фото: depositphotos
Соңғы уақытта онлайн-платформаларда ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағын “кез келген адамға алып беруге көмектесеміз” деген хабарландырулар жиілеген. Мұндай ұсыныстардың артында көбіне алаяқтар тұрады: олар қызметі үшін алдын ала ақша сұрап, кейін ешқандай міндеттемені орындамайды.
Әлеуметтік желілерде “зейнетақы жинағын шешіп береміз” деген ұсыныстар қайта көбейді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Біржолғы зейнетақы төлемдері делдалсыз және комиссиясыз жүргізіледі», – деп ескертті БЖЗҚ.
БЖЗҚ мәліметінше, зейнетақы жинағын пайдалану нақты заңмен реттелген. Қаражатты тек белгілі жағдайларда ғана алуға болады: зейнет жасына жеткенде, мүгедектік белгіленгенде, шетелге тұрақты тұруға кеткенде немесе мұрагерлік тәртіппен. Сонымен қатар, жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға не емделуге жұмсауға рұқсат етіледі.
«Күмәнді схемаларға қатысу арқылы азаматтар тек қаражатынан айырылып қоймай, жеке деректерінің қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді», – делінген қор хабарламасында.
Бұл процестер тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асады. Яғни, делдалдардың қызметі мүлде қажет емес және заңда қарастырылмаған.
Мамандар азаматтарды мұндай күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, ақпаратты тек ресми көздерден тексеруге шақырады. Зейнетақы жинағына қатысты барлық қызметтерді БЖЗҚ бөлімшелері немесе ресми онлайн арналар арқылы қауіпсіз түрде алуға болады.


