NoFake

Астанадағы өртке қатысты жалған ақпараттың таралуы жөнінде ТЖМ түсініктеме берді

Фото: ҚР ТЖМ

Желіде Астанада болған өрт кезінде өрт сөндірушілер әрекетсіздік танытып, кедергі келтірген автокөлікті 20 минут бойы тас-талқан етпегені туралы ақпарат тарады. ТЖМ аталған жайтқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарға сәйкес өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына бара жатқан кезде-ақ, жанып жатқан пәтердің терезесінен қою түтін мен жалын анық байқалғанын мәлімдеді.

«Бұл белгілер өрттің кеш анықталғанын көрсетеді. Сонымен қатар пандусқа кіреберісте тұрған жеңіл автокөлік тек биіктікте жұмыс істейтін техниканың аула ішіне кіруіне ғана кедергі келтірген. Алайда ол өрт сөндірушілердің негізгі іс-қимылдарын жүзеге асыруына тосқауыл болған жоқ», — делінген хабарламада.

ҚР ТЖМ оқиға орнына алғашқы бөлімшелер келген сәттен бастап, газ-түтіннен қорғау қызметінің бірінші буыны кіреберіс ішінде адамдарды құтқару және өртті сөндіру жұмыстарын жедел ұйымдастырғанын айтады. Сондай-ақ, жұмыстар авариялық-құтқару құралдарын және өрт сөндіруге арналған жылжымалы аспалы қондырғыларды қолдану арқылы жүргізілген.

«Бір уақытта газ-түтіннен қорғау қызметінің екінші буыны ішкі өртке қарсы су құбыры жүйесінен (өрт крандарынан) жең желілерін тартуға кірісті. Кейінгі келген бөлімшелер автоцистернадан баспалдақ маршы арқылы жең желілерін жайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жанып жатқан пәтерден бір әйел құтқарылып, сондай-ақ өрттің жоғары қабаттарға таралуына жол берілмеді», — делінген ТЖМ хабарламасында.

Одан бөлек, өрт сөндірушілер келген сәтке дейін пәтердің барлық аумағын толық шарпыған өрт пен зиянды улы газдың әсері қайғылы салдардың алдын алуға мүмкіндік бермеген.

«Осылайша өрт сөндірушілердің 20 минут бойы әрекетсіз болғаны туралы пікір шындыққа сәйкес келмейді», — делінген хабарламада.

ТЖМ ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңының талаптарына сәйкес өртті сөндіру кезінде заңды түрде әрекет еткен өрт сөндірушілер келтірілген залалды өтеуден босатылатынын атап өткен (63-бап).

«Бұл ретте аталған норма қажет болған жағдайларда, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін жабық есіктерді, терезелерді, шатырларды, сондай-ақ қоршау конструкцияларды ашуға мүмкіндік береді. Алайда азаматтардың автокөліктерін тас-талқан құқығын тікелей көздейтін норма заңда қарастырылмаған», — делінген хабарламада.

Құзырлы ведомство Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалатынын (6-бап) жеткізді.

«Сонымен қатар ірі габаритті өрт сөндіру техникасымен автокөлікті тас-талқан ету жолды толық босатуға кепілдік бермейді, ал оның салдары қосымша материалдық шығындар мен тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей ұзаққа созылған сот процестері құтқарушылар әрекетінің заңдылығын дәлелдеуге әрдайым кепілдік бермейді», — делінген хабарламада.

Бұл ретте құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың нақты алгоритмі бар: полиция өрт сөндірушілермен бірлесіп шақыртуларға шығып, жолда кедергі келтіретін автокөліктерді эвакуациялауды қамтамасыз етеді.

ҚР ТЖМ өрт сөндіру техникасына жол ашу мақсатында автокөлікті тас-талқан етуге рұқсат беретін норманы заңнамаға енгізу мәселесіне қатысты, оның принциптік құқықтық және практикалық негіздер бойынша орынсыз екенін мәлімдейді.

Біріншіден, тас-талқан ету тәсілін қолданудың объективті және әмбебап өлшемдерін белгілеу мүмкін емес. Әрбір төтенше жағдай жеке сипатта дамиды, сондықтан мұндай әрекеттердің қолданылу шарттарын заңнамалық деңгейде нақты айқындау іс жүзінде мүмкін емес. Мұндай норманы бекіту не теріс пайдалануға, не болмаса шешім қабылдаудың дағдарыстық сәтте тежелуіне әкелуі ықтимал.

Екіншіден, ұсынылып отырған норма жауапкершілік мәселесінде құқықтық белгісіздік туындатады. Шешім іс жүзінде уақыт тапшылығы жағдайында жүргізуші тарапынан қабылданады, ал оның заңдылығына баға кейіннен беріледі. Бұл нақты қызметкерге шамадан тыс жауапкершілік жүктеу қаупін қалыптастырып, қызметтік жұмысының негізгі қағидаттарына қайшы келуі мүмкін.

Үшіншіден, келтірілген залал үшін ықтимал жеке жауапкершіліктің болуы жедел шешімдер қабылдауды тежейді, бұл тікелей әрекет ету уақытына әсер етіп, ауыр салдарға, соның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Төртіншіден, мұндай норманы бекіту теріс пайдаланушылыққа жол ашып, сот дауларының көбеюіне, бюджетке қаржылық жүктеменің артуына және теріс қоғамдық резонансқа негіз болуы ықтимал.

Осыған байланысты, ведомство іс жүзінде әлеуметтік және құқықтық қайшылықтардың туындау қаупі жоғары екенін түсіндірді.

«Мәселен, гипотетикалық болғанымен әбден ықтимал жағдайларда өрт сөндіру техникасымен азаматқа тиесілі, несиеге алынған және жалғыз табыс көзі болып табылатын автокөлікке (мысалы, такси немесе тасымалдау қызметінде пайдаланылатын көлікке) зақым келтірілуі мүмкін. Кейіннен аталған шақырту өрттің аз ғана инцидентке (мысалы, ас әзірлеу кезінде тағамның күйіп кетуі, өрттің таралу қаупі болмауы) қатысты екені анықталуы ықтимал», — делінген хабарламада.

Мұндай жағдайда келтірілген залалдың алдын алынған зиянмен салыстырғанда сәйкессіздігі туындап, бұл негізделген шағымдарға, сот дауларына және қоғамдық резонансқа әкелуі мүмкін.

ТЖМ осы айтылғандарды ескере отырып, өрт сөндіру техникасына көлік құралдарын тас-талқан етуге рұқсат беретін норманы заңнамаға енгізу мәселесі құқықтық тұрғыдан қажетті емес екенін, оның жүйелік тәуекелдер туындататынын және қолдауға келмейтінін еске салды.

Оқу үшін