ҚМДБ діни және ұлттық құндылықтарға тіл тигізгендерге қатысты мәлімдеме жасады

Фото: muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы соңғы уақытта желіде діни және ұлттық құндылықтарға қатысты жөнсіз пікір айтып, қоғам арасына бүлік салған азаматтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Соңғы кездері әлеуметтік желіде кейбір азаматтар діни және ұлттық құндылықтарға қатысты жөнсіз пікір айтып, қоғам арасына бүлік салып, алауыздық тудыруда. Тіпті күллі мұсылман әлемі қасиет тұтып, жүзін бұрып құлшылық ететін Қағбаға, Алланың сөзі қасиетті Құранға, ардақты Пайғамбарымызға тіл тигізіп жатқандар да жоқ емес», — делінген басқарма хабарламасында.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл ретте кейбір азаматтар тарапынан: «Заңсыз неке қиған имамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартып, бас бостандығынан айыру керек. Балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізеді. Балаларды дамытуға қарсылық білдіреді. Дін болмайтын жерге араласып жатыр. Діни басқарма шара қолданбайды» деген мазмұндағы орынсыз пікір айтылып жатқанын айтады.
«Дәйексіз айтылған мұндай пікірлер еліміздегі мұсылман қауымының наразылығын оятып, ел арасында түсінбеушілік тудыруда. Мешіт қызметкерлері балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізген емес. Дін қызметкерлері балалардың толыққанды зайырлы білім алуын барынша насихаттап келеді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, діни басқарма ұлттық құндылықтар (домбыра тарту, сәлем салу, баланы бесікке салу, тұсау кесу т.б.) қоғам деңгейінде дәріптеліп жатқанын атап өтті.
«Осындай баға жетпес мұраларымызды кеңінен насихаттау үшін Діни басқарма жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» бөлімі бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Сондай-ақ «Діни оңалту» бөлімі жат ағымдардың алдын алу және олардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалтумен айналысып келеді», — делінген мүфтият хабарламасында.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бабалар ұстанған дәстүрлі дін, салт пен әдет-ғұрып, адамгершілік құндылықтарды әрқашан жамағатқа жеткізе беретінін атап өтті.
«Алайда теріс пікір айтып, өз бетінше пәтуа беріп, діни алауыздық тудырған азаматтарға заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз», — делінген хабарламада.
Осыған орай, мүфтият Қазақстан азаматтарын діни салаға қатысты анықталмаған ақпараттарды таратпауға, дінге қатысты пікір айтқанда шектен шықпауға, ұлттық құндылықтарды қорламауға, діни мәселеде өз бетінше пәтуа бермеуге, сондай-ақ мұсылман қауымының ары мен абыройына, діннің қасиетті рәміздеріне, қасиетті Құранға, Қағба мен Пайғамбарға тіл тигізбеуге шақырды.
«Қоғамда өзара құрмет, байсалдылық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру барша азаматтың ортақ міндеті. Сөз бостандығы маңызды құндылық болғанымен, өзгенің ар-намысына, діни сеніміне нұқсан келтіруге бағытталмауы тиіс», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, ҚМДБ діни бірлестік ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет атқаратынын және ислам дінінің сунни бағыттағы имам Әбу Ханифа мәзһабы мен діни сенімде имам Матуриди сенім мектебін ұстанатынын, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттайтынын атап өткен.
«ҚМДБ қоғамдағы пікір алуандығын құрметтей отырып, барлық азаматты өзара сыйластықты сақтауға, діни сенімдерге құрметпен қарауға және қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосуға үндейді», — делінген хабарламада.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы анықталмаған діни ақпараттарды таратып шектен шыққан, діни құндылықтарды бұрмалап, діни рәсімдерді жоққа шығарып, қоғамда бүлік пен алауыздық тудырған азаматтарға қатысты діни құндылықтарды қорғау үшін алдағы уақытта құқықтық тұрғыдан құзырлы мекемелерге шағым түсіретінін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін ислан дінінің өкілі Құрбанәлі Ахметтен алған сұхбаты желіде қызу талқыланған болатын. Онда спикер екінші әйелін отбасылық жанжалдан кейін ажырасып, өзінің шәкіртіне үйлендіргенін айтқан болатын.


