NoFake

ЖИ-мен жасалатын алаяқтық: ІІМ ескерту жасады

Фото: gov.kz

ҚР ІІМ жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің таралуы туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство мәліметінше, қаскөйлер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және басқа ұйымдардың мамандары ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио және бейнематериалдарды жасау мүмкіндіктерін белсенді түрде қолданады. 

«Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар арқылы белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өздерін полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелуде», — делінген хабарламада.

Бұл ретте, ІІМ күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның сыртқа шығу қаупі деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіретінін атап өтті. 

«Сонымен қатар ресми хабарламаларға ұқсас етіп жалған хабарламалар мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілдерімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де кездеседі», — делінген хабарламада.

ІІМ құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын тағы да ескертеді.

«Барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлау қажет», — деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов».

Ведомство алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді. 

Оқу үшін