Астанаға күніне 300-ге жуық адам келетіні рас па

Фото: Akorda.kz
Әлеуметтік желіде Астана халқының көбейгенін, адам саны жыл санап артып келетіні туралы жиі айтылады. Nofake.kz. Ұлттық статистика бюросынан нақты деректерді сұрап білді.
Threads желісінде «Астана халқы өсіп жатыр, сәйкесінше далада серуендеудің өзі қиындап барады», «Халық саны қаншаға өсті?, Кім біледі?» деген сауалдарды жиі ұшырастырамыз.

Әлеуметтік желіде, тіпті бас қалаға күн сайын 300 адам келетіні туралы ақпарат тараған.
Nofake.kz ҚР Ұлттық статистика бюросынан қала халқының саны бойынша соңғы мәліметтерді біліп көрді. Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, Астана халқының саны соңғы 3 жылда расымен ұлғайған.

Мәселен, 2023 жылы қала халқының саны 1 354 559 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 430 105-ті құраған (өсім шамамен 75 мың адам). Ал, былтыр елордадағы халық саны 1 528 703 азамат болса (өсім шамамен 98 мың адам), биылғы жылдың басында бұл көрсеткіш 1638233-ке жеткен (өсім шамамен 110 мың адам). Яғни, тек соңғы 3 жылда Астана халқының саны шамамен 283 мың адамға артқан. Астана халқының өсу динамикасын жоғарыдағы диаграммада таныс болуға болады.
Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы қала халқының өсу динамикасын күніне қанша адам келетінімен есептемейтінін атап өтті.
«Бізде ресми деректер жылдық көрсеткіштер бойынша анықталады. Біз күн сайын қалаға қанша адам келетіні туралы нақты деректерді емес, жылдық көрсеткіштерді ұсына аламыз», — деп түсіндірді ведомство мамандары.
Астана аудандарында халық саны қанша?
ҚР Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметтерге сәйкес, Алматы ауданындағы халық саны 2023 жылы 366 785 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 384 446-ны құраған. Ал, былтырғы жылы бұл ауданда 409 873 тұрып жатқаны белгілі болды.
Сол сияқты Ұлттық статистика бюросы Есіл ауданы бойынша ресми деректерді ұсынды. Осылайша, аталған ауданда 2023 жылы 236 086 адам тұрса, 2024 жылы 270 056 адам, 2025 жылы 293 451 адам тұрақтағаны белгілі болды.
Ал, Сарыарқа ауданында 2023 жылы 345 226, 2024 жылы 350 520, 2025 жылы 351 573 тұрып жатқаны анықталды.
Бюро елорданың Байқоңыр ауданы бойынша да ресми статистиканы ұсынды. Оған сәйкес, 2023 жылы 233 282, 2024 жылы 231 248, 2025 жылы 227 043 азамат тұрып жатыр. Бір қызығы, Астананың тек осы ауданында ғана халық саны өткен жылдармен салыстырған азайған.
Халық санының өсімі Астананың Нұра ауданында да байқалады. Осылайша 2023 жылы бұл ауданда 173 180 адам тұрақтаса, 2024 жылы халық саны 193 835-ке жеткен. 2025 жылы аудан саны күрт өсіп, 246 763 тұрғынға ұлғайған.

Сонымен, Астана халқының саны жыл сайын өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Осы ретте, қала халқының өсім санын 1 жылдағы күн санына, яғни 366 күнге бөлсек, елордаға күніне шамамен күніне 300 адам келетінін жорамалдауға болады. Оған төмендегі көрсеткіштер дәлел:
- 75 000:365 = 205 адам
- 98 000:365 = 268 адам
- 110 000:365 = 300 адам
Демек, бас қалаға орташа есеппен, күніне 300 адам келуі әбден мүмкін деген сөз. Дегенмен, Ұлттық статистика бюросы биылғы жылдағы өсім көрсеткіші әлі де өзгеруі мүмкін екенін ескертеді. Себебі, 2026 жыл әлі аяқталған жоқ.


