Америкалық блогер дауы: министрлік ресми мәлімдеме жасады

Фото: mes.kg
Туризм және спорт министрлігі бірқатар БАҚ-та жарияланған, америкалық блогерді ведомство арнайы шақырды деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомствоның мәліметінше, министрлік шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды топтық ақпараттық турлар аясында шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Бұл ретте, министрлік өз қызметінде жекелеген жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмағанын жеткізді.
«Ресми түрде жеке өтініштер түскен жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді. Алайда аталған блогерден министрлікке ешқандай өтініш келіп түспеген», — делінген ведомство хабарламасында.
Одан бөлек, ведомтсво Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атынан блогермен жеке хат алмасу болғанын хабарлады. Компания мәліметі бойынша, екіжақты келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған.
«Бізді ұмытып кетті»
Бір күн бұрын Қазақстанға келген америкалық блогер Коннор Кампергини әлеуметтік желіде өзін ешкімнің қарсы алмағаны туралы жазба жариялаған. Оның айтуынша, сапар алдын ала келісіліп, ресми деңгейде ұйымдастырылады деп күтілген. Алайда елге келген сәтте блогерді ешкім қарсы алмаған, тіпті шекарада оның келу мақсатына қатысты қосымша сұрақтар қойылған.
«Елге ресми түрде шақырылып, бірнеше апта бойы барлық жоспарды келісіп, келген күні туризм министрлігі сені “ұмытып кеткенін” елестетіп көріңіз. Біз Қырғызстандағыдай ресми қарсы алуды күткен едік. Бірақ бізді ешкім қарсы алған жоқ, тіпті не үшін келгенімізді сұрап тексерді», — деп жазды блогер.
Сонымен қатар ол Қазақстанды табиғаты әсем, мәдениеті бай және бизнес әлеуеті жоғары ел ретінде бағалайтынын атап өткен. Дегенмен, блогердің айтуынша, уәде мен нақты орындау деңгейі сәйкес келмеген.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда біз көп уәде естіп, ал нақты іске келгенде оның деңгейі төмен болғанын көрдік. Бұл көңіл қалдырады», — дейді ол.
Соған қарамастан, блогер жағдайды позитивті қабылдауға тырысқанын жеткізген.


