NoFake

Бас прокуратура желідегі жалған ақпарат пен арандатушылық туралы мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz

ҚР Бас прокуратурасы азаматтарға пікір білдіру кезінде, оның ішінде онлайн-платформаларда және өзге де ақпараттық алаңдарда заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін еске салады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірлерді жария түрде таратқан жағдайлары тіркелген.

ҚР Бас прокуратурасы мұндай пікірлер дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың жалған діни догмалармен үйлеспейтіні туралы бұрмаланған тұжырымдарымен сүйенгенін мәлімдейді.

«Мұндай мәлімдемелер Қазақстан Республикасының өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, сондай-ақ елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді», — делінген хабарламада.

Құзырлы ведомство журналистердің, блогерлердің және ақпараттық алаң иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Осындай жалған діни көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға көпшілік алдында сөз беру арқылы олар шын мәнінде жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемелердің таралуына ықпал етеді, қоғам санасына теріс әсерін күшейтеді, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды», — деп жазылған хабарламада.

Бас прокуратура масс-медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақыратынын мәлім етті.

«Осыған орай қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз. Сонымен қатар, ұлттық, діни немесе өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының қолданысына жатады және ауыр қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», — делінген хабарламада.

Бұл ретте, ведомство мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде саралануы мүмкін екенін, бұл үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделгенін еске салды.

«Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды жалған ақпарат таратудан тартынуға, Қазақстан халқының мәдени және ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, қоғамда алауыздық пен жанжал туғызуы мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырады», — деді ведомство өкілдері.

ҚР Бас прокуратурасы мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдайтынын жеткізді.

Оқу үшін