NoFake

121 адамды алдаған алаяқтық схемасы қалай жұмыс істеді

Фото: Depositphotos

Қызылорда облысының прокуратурасы интернет желісін пайдаланып, ауқымды алаяқтық жасаған азаматқа қатысты сот үкімін шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.

31 жастағы «С» есімді қала тұрғыны жүзден астам отандасымызды арбауына түсірген. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2024 жылы азамат «С» алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының құрамында әрекет ете отырып, «Instagram» әлеуметтік желісінде «Dake_87057380827» есімімен жалған парақша ашқан.

Өзге адамдардың жеке деректерін пайдалана отырып, ол азаматтарды «салынған ақшаны пайдамен қайтаруға» уәде беріп, адастырған. Жәбірленушілердің қаражатын иемдену үшін «1XBETKZ» букмекерлік кеңсесі мен «Wooppay Wallet» төлем жүйесін қолданған.

Прокуратура мәліметінше, алаяқтық әрекеттердің географиясы бүкіл елді қамтыған.

«Нәтижесінде бүкіл республика бойынша 121 адам алданып, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 8,9 млн теңгеге жеткен», — деп хабарлады прокуратура.

2025 жылғы 19 қарашада өткен басты сот талқылауында сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

«Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның толық өтелуіне байланысты оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалды», — деп нақтылады қадағалаушы орган.

Сот шешімімен ол 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Қазіргі уақытта ол тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр.

Оқу үшін