NoFake

Несие тарихын расымен тазартуға болады ма

Фото: Depositphotos

Несие тарихын расымен «тазарту» мүмкін бе және қаржылық досьені қалай оңалтуға болады? Fingramota.kz осы тақырып төңірегіндегі мифтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Көбінесе азаматтар несие берілмеген немесе оның лимиті күтпеген жерден төмен болғанда ғана өз тарихына үңіле бастайды. Алайда, мамандар бұл тақырыптағы қате түсініктер қаржылық зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді.

Миф және Шындық: несие тарихына қатысты негізгі фактілер

Қаржы мамандары несие тарихына қатысты кең тараған мифтерді талдап берді.

Миф: Несие тарихы – бұл жай ғана несиелер тізімі.

Шындық: Бұл сіздің қаржылық досьеңіз. Мұнда тек қарыздар емес, төлем мерзімдері, төлемдердің жүйелілігі, ағымдағы қарыз жүктемесі және жалпы қаржылық тәртібіңіз ескеріледі.

Миф: Несие тарихын «тазартуға» немесе өшіруге болады.

Шындық: Бұл мүмкін емес. Несие тарихын жою немесе нөлге теңестіру туралы кез келген ұсыныс – алаяқтықтың белгісі. Тек қате деректерді түзетуге немесе тарихты біртіндеп жақсартуға болады.

Миф:Жаман несие тарихы – бұл мәңгілікке.

Шындық: Шын мәнінде бұл үкім емес Төлемдерді уақытылы жасап, қарыздарды жапқан жағдайда, несие тарихын біртіндеп жақсартуға болады.

Мамандар не дейді?

Fingramota.kz өкілдері атап өткендей, несие тарихы – бұл қатып қалған дүние емес, ол динамикалық түрде өзгеріп отырады. Егер сіз бұрын қателік жіберген болсаңыз, жаңа қарыздарды жауапкершілікпен өтеу арқылы сенімді қайта қалпына келтіруге мүмкіндік бар.

«Алаяқтардың «несие тарихын түзеп береміз» деген уәделеріне сенбеңіздер. Заңды жолмен тек қате ақпаратты түзетуге болады немесе уақытылы төлемдер арқылы беделіңізді бірте-бірте нығайта аласыз», — деп ескертеді сарапшылар.

Несие тарихын қайдан тексеруге болады?

Еске сала кетейік, Қазақстанның әрбір азаматы жылына бір рет өз несие есебін тегін алуға құқылы. Мұны  eGov.kz порталы, Бірінші несие бюросы, Мемлекеттік несие бюросы арқылы жүзеге асыруға болады.

Оқу үшін