Балаева: Омарованың ісі бойынша асығыс қорытынды жасауға жол берілмейді

Фото: Depositphotos
Мәдениет және ақпарат министрлігі журналист Б. Омарованың ұсталуын бақылауға алды. Аида Балаева бұл істе асығыс қорытынды жасамауға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz
Вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында тергеу амалдары аяқталғанға дейін оқиғаға алдын ала баға бермеудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай жағдайларда заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге жол беруге болмайтынын ерекше атап өтеміз. Оқиға мәнін бұрмалау немесе процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға әкелуі мүмкін мәлімдемелерге жол бермеу аса маңызды», — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, министр аталған іс бойынша шешім әділ болатынына сенетінін айтты.
«Аталған іс бойынша шешім әділ болады деп сенемін.Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса», — деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Сонымен қоса министр осы сияқты кез келген мәселелерді қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажет екенін еске салып, заңның баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті екенін ерекше атап өтті.
Министрлік өз құзыреті аясында жағдайды қадағалап, барлық процессуалдық әрекеттердің сыртқы араласусыз, заңға сәйкес өтуі тиіс екенін мәлімдеді.
