Қызанақ пен қарбыз қатерлі ісіктен қорғай ма

Фото: Depositphotos
Қызанақ пен қарбыздағы ликопин – жай ғана пигмент емес, ісікке қарсы «табиғи бронь». Ғалымдар бұл антиоксиданттың қатерлі ісіктен қорғау күшін дәлелдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Ликопин» деген не және оның қандай пайдасы бар?
Ликопин – каротиноидтар тобына жататын табиғи антиоксидант. Ол қызанаққа, қарбызға және басқа да қызыл түсті жемістерге бояу береді. Ең маңыздысы: ағза бұл затты өздігінен өндіре алмайды, сондықтан біз оны тек тағам арқылы алуымыз керек.
Халықаралық ғылыми дәлелдер:
1. Антиоксиданттық қуат: Ликопин бос радикалдармен (жасушаны зақымдайтын молекулалар) күресуде beta-каротиннен 2 есе, ал Е дәруменінен 100 есе қуаттырақ.
2. ДНҚ-ны қорғау: «Harvard School of Public Health» зерттеулері ликопинді тұрақты тұтыну ДНҚ-ның тотығуын азайтып, жасушалардың мутацияға (ісікке) ұшырау қаупін төмендететінін дәлелдеді.
3. Биожетімділік: Ликопин – майда еритін зат. Қызанақты немесе қарбызды аздаған өсімдік майымен араластырып жесеңіз, оның сіңуі 3-4 есеге артады.
Қазақстандық ғалымдардың үлесі: Қатерлі ісікке қарсы ББҚ
Отандық ғалымдар ликопиннің әлеуетін іс жүзінде қолдануды бастап кетті. Олар қазіргі таңда ликопиннің негізінде әзірленген биологиялық белсенді қоспа әзірлеп, оны патенттеу жұмыстарына кіріспек.

«Патентті осы жылдын соныңа дейін аламыз. Ары қарай Ғылым Қорының конкурсы болады. Егер олар қаржыландыратын болса, бірнеше күрделі этаптардан өткеннен кейін өнім нарыққа шығады», — дейді «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтының» мамандары.
Ал жоба жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Гүлжан Жұмалиева бұл заттың клиникалық маңызын түсіндіріп өтті.
«Ликопин – ең күшті табиғи антиоксиданттардың бірі. Қуық асты безі қатерлі ісігіне жүргізілген алғашқы клиникалық сынақтар ликопин қоспасын қабылдау ісік жасушаларының өсуін баяулатып, олардың көбеюін 73%-ға дейін төмендеткенін көрсетті», — деді ол.
Қазіргі уақытта Қазақстанда өсірілетін өнімнің 40–50%-ы өңдеу мүмкіндігі жоқтығынан ысырап болып жатыр. Отандық ғалымдар осы шикізатты пайдаланып, жоғары технологиялық өнім жасауды көздеуде. Нәтижесінде 2027–2028 жылдары нарықта қатерлі ісік пен жүрек ауруларының алдын алуға арналған алғашқы отандық биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) пайда болмақ.
Ғалымдардың айтуынша, қызанақ пен қарбыз – жай ғана тағам емес, олар табиғи «химиялық қорғандар». Күніне небәрі 5–20 мг ликопин тұтыну (шамамен 2 стақан томат шырыны немесе 300-400 г қарбыз) ағзаның ішкі қорғанысын күшейтуге жеткілікті.
