NoFake

Жастар арасында психотропты заттардан өлім көрсеткіші артқаны рас па

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желіде Алматыда жасөспірімдер арасында психотроптық заттардың кеңінен тарап жатқаны жайлы видео тарады. Nofake.kz құзырлы ведомстволардан психотроптық заттардан өлім көрсеткіші туралы соңғы статистиканы сұрап көрді. 

Желіде реаниматолог Тимур Омаров жасөспірімдер арасында психотроптық заттардың кең таралуын, салдарынан олардың тіл тартпай көз жұматынын айтқан.

Nofake.kz осыған орай ІІМ-нен «Жастар арасында олардың кеңінен таралып жатқаны рас па?» деген сауал жолдап көрді. 

«Жастар арасында психотроптық заттарды қолдану деңгейі бойынша, олар құқыққа қарсы әрекеттерге тарту жиі жүзеге асырылатын цифрлық платформаларды белсенді пайдалануына байланысты бірден назарға іліккенімен, бұл жастардың «қолдану деңгейі жоғары» дегенді білдірмейді. Халық арасында нақты қолдану деңгейін бағалау денсаулық сақтау органдарының және арнайы социологиялық зерттеулермен айналысатын ұйымдардың құзыретіне жатады, өйткені ол өзге талдау әдістемелерін талап етеді», — деп жауап берді мамандар. 

Бұл ретте, ведомство ішкі істер органдары құқық бұзушылықтарды анықтайтынын атап өтті. 

«Сол себепті құқық қорғау органдарының деректері негізінде ғана «жоғары қолдану деңгейі» туралы қорытынды жасау дұрыс емес. ІІМ жұмысының негізгі бағыты мәселені тіркеу емес, оның алдын алу – жастарды заңсыз айналымға тарту тәуекелдерін төмендету, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастар арасында тұрақты  ұстаным қалыптастыру», — деді мамандар.

Сонымен бірге ІІМ мамандары жаңа психотроптық заттарды қалай анықтап, тіркейтінін де түсіндіріп өтті. 

«Жаңа психоактивті заттар анықталған жағдайда олардың сәйкестендірілуі жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалады және оларды тыйым салынған заттар тізбесіне енгізу мәселесін қарау үшін ақпарат уәкілетті органдарға жолданады. Сонымен бірге, оларды ел аумағының түрлі өңірлерінде өндіруді, таратуды және өткізуді тоқтатуға бағытталған кешенді шаралар қабылданады», — деді мамандар.

Сонымен бірге ІІМ ҚР есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізбесі «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» ҚР Заңы шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен реттелетінін мәлімдеді. 

Осылайша, тізбе бірнеше негізгі тізімдерге бөлінетіні анықталды. Оның ішінде І тізімге айналымына тыйым салынған (ред. ғылыми және жедел мақсаттағы қатаң шектеулі қолдануды қоспағанда) есірткі құралдары мен психотроптық заттар жатқызылады. Яғни, оған қауіптілігі жоғары және медициналық қолданылуы ресми түрде танылмаған заттар енгізілген. Мысалы: героин, мефедрон және т.б.

«Видеода атап өтілген, мефедрон Қазақстан Республикасында дәл осы I тізімге енгізілген, яғни оның айналымына толық тыйым салынған. Ол — катинондар тобына жататын синтетикалық психостимуляторлық зат. Мефедрон 2000 жылдары «дизайнерлік есірткі» ретінде кең таралған және көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда тыйым салынған», — деді ведомство мамандары.

Психотроптық заттардан мерт болған адам саны қанша: ДСМ деректері

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі соңғы үш жылда жасөспірімдердің психотроптық заттардан қайтыс болу фактісі тіркелмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ, мамандар оның адам ағзасына әсері жайлы түсіндіріп берді. 

​«Психотроптық заттар – орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, психикалық жағдайды (ойлауды, көңіл-күйді, сананы) өзгертетін құралдар. Олар медициналық препараттар (антипсихотиктер, антидепрессанттар) және рекреациялық/тыйым салынған (стимуляторлар, галлюциногендер) заттар болып бөлінеді», — деді мамандар.

​Ведомство олардың ересектер мен кәмелет жасына толмағандарға тәуелділік, психоздар, ішкі мүшелер жұмысының бұзылуы сынды  жанама әсері барын атап өтті. 

«Психотроптық заттардың ағзаға әсері кезінде вегетативті жүйке жүйесінің жұмысы күрт күшейеді, тахикардия, артериялық гипертензия, қан тамырларының түйілуі, гипертермия және миокардтың оттегіге деген қажеттілігінің артуы туындайды. Осы өзгерістер аясында өмірге қауіп төндіретін асқынулар – өлімге әкелетін аритмиялар, жіті коронарлық синдром, инсульт, конвульсивті синдром және ми ісінуі дамуы мүмкін», — делінген хабарламада.

ҚР ДСМ ұсынған мәліметтерге сай, «Тіркелген халықтың регистрі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша 3 жыл ішіндегі диагноздар бөлінісінде (ред. басқа айдарларда жіктелмеген психотроптық заттармен улану (T43) және психодислептиктермен [галлюциногендермен] улану (T40) қайтыс болғандар төмендегідей болған. 

Инфографика: NoFake.kz

Мамандар психотроптық заттар ауыр психотикалық реакциялармен, қозумен және сыни ойлаудың бұзылуымен байланысты екенін, бұл жарақат алу, суицидтік және агрессивті мінез-құлық қаупін арттыратынын мәлімдеді. 

«Алкогольмен, опиаттармен немесе бензодиазепиндермен үйлестіру тыныс алудың тежелуі немесе ауыр кардиореспираторлық асқынулардың даму ықтималдығын арттырады. Осылайша, нейротоксикалық әсер, айқын кардиотоксикалық қасиет және мөлшерлеменің жоғары құбылмалылығы психотроптық заттарды қолдану кезінде тіпті бұрын дені сау болған адамдардың да тез арада қайтыс болуына ықпал етеді», — деді олар. 

Сонымен, соңғы үш жылда еліміз бойынша кәмелет жасына толмаған жастар арасында психотропты заттар салдарынан өлім көрсеткіші тіркелмегені анықталды. Ал, ересектер арасында олардың өлім көрсеткіші әр жылы әр түрлі болған.

Айта кетейік, бұған дейін редакция танымал газдалған сусындардың асқазанға кері әсері жайлы материал жариялаған едік.

Оқу үшін