NoFake

Наурыз жәрмеңкелері қайда және қашан өтеді — Министрлік түсіндірді

Фото: Gov.kz

Қазақстанда Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері дәстүрлі түрде барлық өңірде өтеді. Сауда және интеграция министрлігі олардың қайда және қашан ұйымдастырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Министрліктің мәліметінше, «Nauryz Sale» науқаны 13–23 наурыз аралығында ел аумағында өтеді және жүздеген сауда алаңын қамтиды.

«Акция аясында сауда нысандары сатып алушыларға азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 10–70 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар арнайы мерекелік баға белгілерімен және навигациялық көрсеткіштермен белгіленген, бұл келушілерге жеңілдікпен ұсынылған тауарларды оңай табуға мүмкіндік береді», — делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство ұсынған мәліметтерге сай, акцияға шамамен 300 сауда субъектісі қатысып жатыр.

«Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 интернет-платформа бар. Қатысушылар арасында еліміздің ірі сауда желілері Magnum Cash&Carry, Small, Galmart, Анвар, Дина, Toimart, Астыкжан, Greenwich және басқалары бар», — деп жазылған хабарламада. 

Одан бөлек, акция барысында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінетіні айтылады. Министрлік сауда орталықтарында қазақстандық компаниялардың өнімдері ұсынылған арнайы аймақтар ұйымдастырылатынын, онда тауарлар нарықтық бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, министрлік мереке күндері еліміздің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтетінін атап өтті.

«Наурыз айының соңына дейін тек қана Астана емес, бүкіл Қазақстан бойынша сенбі және жексенбі күндері, облыс орталықтарында және Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері дәстүрлі түрде өтеді. Астанада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне өңірлер келмейді. Астанада тек қана сенбі-жексенбі күндері, Алаш, 35 мекенжайы бойынша, «Керуен жолы» сауда базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді», — деп түсіндірді министрлік мамандары.

Айта кетейік, алдағы күндері Қазақстан азаматтары наурыз мейрамына орай 5 күн демалысқа шығады. Осыған орай, республика бойынша түрлі мерекелік, мәдени әрі спорттық шаралар ұйымдастырылады.

Оқу үшін