Жалған ақпаратты кімдер және не үшін жасайды

Фото: Freepik.com
Жалған ақпаратты жасайтын адамдар кімдер және олар нені көздеуі мүмкін? Nofake.kz түсіндіреді.
Адамзат интернетті пайдаланғалы бері ақпаратты жылдам қабылдап, оны бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай еркіндік оларға кейбір ақпараттың жалған сипат алуына ықпал етті.
Жалған ақпарат дегеніміз не?
Фейк, жалған ақпарат дегеніміз — медиа кеңістікте таралатын, аудиторияны жаңылыстыратын дәлелсіз немесе толық емес, бұрмаланған ақпарат. Фейк ақпарат әрдайым автордың әдейі жасаған әрекетінің нәтижесі болмауы мүмкін, кейде ол оның болмашы қателігінен, аңғалдығынан немесе белді тұлғаларға шамадан тыс сенуінен туындауы мүмкін.
Фейк қандай мақсатта жасалады?
Материалдық пайда табу үшін. Кейбір жалған жаңалық жасаушылар оларды тарату арқылы пайда табуы мүмкін. Олар оқырманды көп жинауүшін кликбейт тақырыптар, оқыс оқиғалар немесе сенсациялық мәлімдемелерді жиі қолданылады.
Көңіл көтеру немесе әзіл үшін. Кейбір пайдаланушылар фейк контентті көңіл көтеру мақсатында жасайды. Алайда бастапқыда пародия немесе сатира ретінде жасалған мұндай материалдар кейде адамдар тарапынан дұрыс қабылданбай, шынайы жаңалық ретінде қабылдануы мүмкін.
Алаяқтық жасау үшін. Фейктер басқа адамдардың ақшасын иемдену құралы ретінде де қолданылады.
Мысалы, алаяқтар фишингтік жалған сайт жасап, түрлі сылтаулармен жәбірленушіні ақша төлеуге немесе құпия төлем деректерін беруге итермелеуі мүмкін.
«Сынған телефон» әсері. Кейде қандай да бір қызықты немесе әсерлі факт контекстен жұлып алынып, авторға маңызды болып көрінген контент ретінде таратылуы мүмкін. Мұндайда қалған мәліметтер қажетсіз деп есептеліп, назардан тыс қалады. Сонымен қатар ақпарат дұрыс аударылмауы немесе қате ұсынылуы мүмкін.
Мысалы, пандемия кезінде көпшілік коронавирус инфекциясын үй жануарлары да жұқтыруы мүмкін екенін білді. Көптеген адамдар бұл жаңалықты бір-біріне жіберіп, жануарды COVID-19 жұқтырған адамды емдейтін дәрілермен емдеуге бола ма, үй жануарынан жұқтырып алу қаупі бар ма деген сұрақтар қоя бастады. Алайда бұл ақпаратты тарату барысында маңызды бір жайт жиі ескерусіз қалды: үй жануарларындағы коронавирус инфекциясы әрдайым COVID-19 штамынан туындамайды. Көбіне жануарларда коронавирустық энтерит кездеседі, ол пневмониямен байланысты емес және жануардың асқазан-ішек жолында өтеді. Яғни, сол кезеңде адамзат COVID-19 жайлы түрлі жалған ақпаратпен бетпе-бет келді.
Кездейсоқтық (қасақана ниеттің болмауы) немесе сатира. Кейде жалған ақпарат интернетте ешқандай әдейі мақсатсыз пайда болады. Жаңалықтағы сатира – әзіл-ысқақ контенттің бір түрі. Ол нақты фактілерді хабарламайды, бірақ мұндай контентте жалған ақпараттың элементтері болады. Жаңалықтағы сатираның мақсаты – аудиторияның көңілін көтеріп, күлдіру. Мысалы, кейбір порталдар тек әзіл сипатындағы «жаңалықтарды» жариялауға маманданған.
Алайда кей жағдайда адамдар мұндай материалдарды шынайы жаңалық деп қате қабылдап, оларды ақпараттық кеңістікте таратып жібереді. Нәтижесінде осындай әзіл-сықақ мазмұн басқа дереккөздер арқылы шынайы жаңалық ретінде қайта таратылса, ол фейк ақпаратқа айналады.
Қоғамдық пікірді манипуляциялау. Фейк жаңалықтар қоғамдық пікірге ықпал ету, адамдарда белгілі бір көзқарас немесе көңіл күй қалыптастыру мақсатында жасалуы мүмкін. Олар саяси үдерістерге, сайлауға әсер ету немесе қоғамда қақтығыстар туғызу үшін пайдаланылуы ықтимал.
Дәстүрлі БАҚ-қа сенімді әлсірету. Фейк жаңалықтар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімді төмендету және балама ақпарат көздерін қалыптастыру мақсатында да қолданылуы мүмкін. Бұл ақпарат ағынын бақылауға және сөз бостандығын шектеуге ұмтылатын кейбір мемлекеттік емес немесе үкіметтік емес ұйымдарға тиімді болуы мүмкін.
Жеке себептер. Кейде адамдар фейк жаңалықтарды жеке себептермен жасайды. Мысалы, біреуге зиян келтіру, қауесет тарату немесе өзіне назар аударту үшін.
Ақпараттық соғыстар. Фейктер — бұқараны басқару, өз саяси мүдделерін ілгерілету және гибридтік соғыс жүргізу үшін қолданылатын қуатты құрал. Бүгінгі әлемде қалыптасқан «постшындық» дәуірі де көбіне фейк ақпараттың саяси ықпалымен байланыстырылады. Постшындық жағдайында ақпараттық орта өзінің бастапқы мәнін жоғалтып, белгілі бір тараптарға тиімді саяси мағыналарды тарату алаңына айналады.
Фейктермен күрес тек фактчекерлердің ғана міндеті емес, сонымен қатар әрбір интернет пайдаланушының жауапкершілігі. Ақпаратты саналы түрде қабылдау және оған сыни көзқараспен қарау жалған жаңалықтардың ықпалын азайтуға көмектеседі.


