Тейлор Свифт өзін ЖИ-фейктерден қорғау үшін патент рәсімдеді

Фото: depositphotos
Әлемге танымал әнші Тейлор Свифт жасанды интеллект арқылы тарайтын фейктерден қорғану үшін өз дауысы мен бейнесін заңды түрде тіркетуге кірісті.
Reuters агенттігінің мәліметінше, әнші АҚШ-тың патент және тауар белгілері бюросына өзінің дауысы мен бейнесіне қатысты бірнеше өтінім берген. Бұл қадам ЖИ арқылы жасалатын дипфейктердің алдын алуға бағытталған.
Құжаттарға сәйкес, тіркеуге екі аудио фраза және сахналық бейнесі енгізілген. Сарапшылар мұндай құқықтық қорғаныс атақты адамдардың цифрлық бейнесін заңсыз пайдалануға қарсы тиімді құрал болуы мүмкін екенін айтады.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Тейлор Свифттің қатысуымен жасалған жалған жарнамалар мен дипфейк видеолар жиілеген. Осыған байланысты оның бұл әрекеті жеке брендті қорғаудың жаңа тәсілі ретінде бағаланып отыр.
Айта кетейік, әзірге әншінің өзі бұл бастамаға қатысты жеке пікір білдірмеген.


