Интернет арқылы жалға алу: алаяқтықтан қалай сақтануға болады

Иллюстрация: depositphotos.com
Алаяқтар пәтер суретін пайдаланып, жалға беру хабарландыруын жариялап, тіпті алдын ала төлем талап етуі мүмкін. Nofake.kz интернетте пәтерді жалған алған сәтте, алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын зерттеп көрді.
Қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев үй салып, оны жиһазбен жабдықтап, бірнеше жыл бойы онда тұрып келеді. Алайда жақында желі қолданушылары оған күтпеген хабарлама жіберген.
«Бұл сіздің үйіңіз сияқты, бірақ сіз оны жалға бермейсіз ғой?», — деп жазған Елікбаевтың оқырмандарының бірі.
Booking.com сайтында жарияланған хабарландыруда блогердің Instagram және Facebook желілерінен алынған үйдің нақты суреттері жарияланған. Онда пәтер бағасы «тәулігіне — 250 мың теңге» деп көрсетілген.
«Әрине бұл өте қымбат баға, меніңше мұндай бағаға ешкім пәтерді жалға алмайтын да еді, себебі ол Алматыдағы Ritz-Carlton бағасымен бірдей», — деп жазды ол.
Блогер үйді салған компания өкілдеріне де хабарласқан. Алайда онда компания пәтерді жалға беру туралы хабарландыруды ешкім бермегенін атап өткен. Кейін ол Booking.com қызметкерлерімен байланысқа шыққан.
«Instagram-да таудағы үйлер туралы жалған хабарландырулар өте көп. Өкініштісі, адамдар алдын ала төлем жасайды, ал кейін ешқандай үйдің жоқ екенін біледі. Бұл алаяқтықтың тағы бір тәсілі деп ойлаймын», — деді ол.
Блогер мұндай жағдайларға қарамастан, желідегі парақшасын одан ары жүргізетінін мәлімдеді.
«Алаяқтармен күресіп келеміз. Бізді ЖИ арқылы жиі пайдаланады. Мысалы, блогерлер кейде қаржы пирамидаларын «жарнамалап» жатады, кейде тағы бір осындай жарнама шығарады. Бұл қазір барлық адамдар бетпе-бет келіп отырған мәселе, онымен күресуден басқа амал жоқ», — деп атап өтті Елікбаев.
Cхема қалай жұмыс істейді?
Блогер Елікбаевтың оқиғасы — осындай жүйелі алаяқтық мәселесінің тек біреуі ғана. OSINT-сарапшысы Антон Мосунский алаяқтар көбінесе жаңадан ештеңе түсірмейтінін, тек басқалар жариялаған контентті өңдейтінін айтады. Оларға пәтерді жалға алу және сату сайттары, Instagram, TikTok және Facebook-тегі жарияланымдар, рум-турлармен стористер, риелторлардың посттары, Telegram-дағы үй чаты, сондай-ақ құрылыс компанияларының сайттары мен шоурумдардың фотосуреттерін жатқызуға болады.
Сарапшы желідегі ашық посттар арқылы пәтердің толық суретін қайта құруға болатынын айтады. Мысалы, геотегтер мен нұсқаулықтар бойынша оның мекен-жайын анықтау, терезедегі көрініс арқылы қабат пен күннің түсу жағын, тіпті рум-тур арқылы жоспарды анықтауға болады. Ал посттағы: «бірнеше айға кетіп барамын» немесе «ата-анамның пәтері» сияқты жазбалар алаяқ үшін нағыз, керек «ақпарат» болуы мүмкін.
«Фейктердің шынайылығы олардың дәлдігінде емес, детальдарында. Адамдар, егер сипаттама шынайы әрі ауданы мен бағасына сәйкес келсе, ондай хабарландыруға шынымен сеніп қалады», — дейді cарапшы.
Мысалы оған мынадай сценарийді жатқызуға болады. Алаяқтар ас үй немесе терезедегі көріністі, дизайнерлік ваннаны алып, оған сипаттама жасайды. Сосын осы сурет пен пәтердің орналасу ауданына байланысты бағаны қояды. Тіпті, мұндай хабарландыру өшірілгеннен кейін де, ол тарала береді. Оның көшірмелері, скриншоттар бәрі іздеу кэшінде сақталып қалады. Оның ең осал тұсы – жалға алушымен хат-хабар алмасуды платформадан тыс жерге ауыстыру.
«Алаяқтар технологиялармен емес, жылдамдықпен және сөйлесуді бақылаусыз ортаға ауыстырумен осылай жағдайды ұтып кетеді», — деді маман.
Платформалар неге осал болып тұр?
Booking.com, Airbnb және т.б платформаларында тексеру құралдары бар. Мысалы, Booking.com пәтердің мекен-жайын растауды талап етеді, бұл үшін коды бар хат жіберу немесе пәтер видеосын сұратады. Ал, Airbnb көптеген параметрлер бойынша тәуекелді талдау үшін, аккаунттың беделі, қайталанатын фотосуреттер мен шаблондық сипаттамалар сияқты машиналық оқыту алгоритмдерін пайдаланады.
Алайда жүйенің осал тұстары да бар. Мекен-жайды тексеру меншік құқығын тексере алмайды. Яғни, платформанысанның бар екеніне көз жеткізеді, бірақ оның жарнаманы орналастырушының меншік иесі екенін анықтамайды. Сонымен қатар, жарнаманы жүйеге тексерулер аяқталмастан бұрын орналастыруы мүмкін. Алаяқтар бір реттік аккаунттарды пайдаланып, тез арада жоғалып кетеді, сондықтан автоматты жүйелер блоктау үшін қажетті сигналдарды жинай алмайды.
Платформа хабарлама арқылы сөйлесу мен төлем тек платформаның ішінде жүзеге асуы керек екенін ескертеді. Ақшаны картаға аудару немесе мессенджер арқылы сөйлесу — алаяқтықтың басты белгісі.
Заң не дейді
Адвокат Құндыз Үтебекова егер жарнама алдын ала төлем алу мақсатында жасалса, бұл классикалық алаяқтық (ҚР ҚК 190-бабы) — алдау арқылы мүлік ұрлығы болатынын еске салады. Егер ақша үшінші тұлғалардың есепшоттарына салынса, дропперлер де жауапкершілікке тартылуы мүмкін (ҚР ҚК 232-1-бабы).
«Мұндай жағдайларға өздерінің банк карталарын алаяқтарға ақша шығару үшін беретін адамдар тап болады. Көбінесе «жалға алу» үшін төлемдер дәл осындай шоттарға кетеді», — дейді адвокат.
Егер алаяқтық факт әлі дәлелденбеген болса, бірақ жалған жарнама орналастырылса, онда ҚР ӘҚБтК 456-2-бабы қолданылады, яғни онлайн платформаларда жалған ақпаратты тарату бабы негізге алынады. Бұл платформаға заңсыз контентті жоюды міндеттейді.
Алайда, тәжірибеде, заңгердің айтуынша, тергеулер ұзаққа созылады.
«Маған жалған жалға алушыларға ақша аударған адамдар жүгінген. Бірақ полиция көп жағдайда тергеуді бастамайды, мысалы шығын 50-60 мың теңгені құраса, іс қозғалмайды», — деп атап өтті ол.
Қорғану шаралары
Тұрғын үй иелеріне сала маманы Антон Мосунский өздерінің фотосуреттерін тұрақты түрде кері іздеу арқылы тексеруді (Google Images, Bing Visual Search, TinEye) және сипаттамалардағы ерекше сөздерді бақылауға кеңес береді. Су таңбаларын суретке бірнеше жерге орналастырған жөн — себебі алаяқтарға оларды өшіру қиын болады. Егер сіз алданып қалсаңыз, дәлелдерді міндетті түрде сақтау керек.
«Скриншоттарды нотариуспен растатып алу керек, себебі жарнаманы алаяқтар өшіріп тастауы әбден мүмкін», — деді ол.
Сондай-ақ, алаяқпен болған хат-хабарды сақтау керек: ол алдау фактісін растайды. Ал, ақшаны аудармастан бұрын сарапшылар фотосуреттерді кері іздеу арқылы тексеруді, жалға берушінің аккаунтында тарихы мен пікірлері бар екеніне көз жеткізуді, платформадан чаттан мессенджерлерге өтіп кетпеуді және жалға алу үшін төлемді сервистен тыс жасамауды ұсынады.


