NoFake

Шетелде жұмыс ұсынғандарға сенбеңіз: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Фото: depositphotos

Ішкі істер министрлігі интернетте тарайтын “жалақысы жоғары жұмыс” туралы хабарландыруларға сенбеуге шақырды. Ведомство мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық схемалар болуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Алаяқтар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі хабарландыру сайттарында жоғары жалақы, жол ақысы мен жатын орнын тегін ұсынамыз деп уәде береді. Көп жағдайда мұндай жұмыстарға тәжірибе мен тіл білудің қажеті жоқ екені айтылып, азаматтарды тез шешім қабылдауға итермелейді»,-делінген Polisia.kz сайтының ресми хабарламасында.

Мұндай хабарландырулар көбіне Telegram арналарында, WhatsApp топтарында және өзге де онлайн платформаларда таратылады. Алайда шетелге барған азаматтар іс жүзінде мүлде басқа жағдайға тап болуы мүмкін.

«Мәселен, олардың жеке куәлігі мен құжаттары тартып алынуы, еркін жүріп-тұру мүмкіндігі шектелуі ықтимал. Кейбір жағдайларда адамдарды интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларға күштеп тарту, уәде етілген жалақыны бермеу немесе елге қайтару үшін ақша талап ету фактілері кездеседі. ІІМ азаматтарға шетелге жұмысқа тек ресми тіркелген, лицензиясы бар агенттіктер арқылы баруға кеңес береді. Сондай-ақ жұмыс беруші туралы мәліметті мұқият тексеріп, құжаттар мен жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеу қажет»,-деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Егер күмәнді ұсыныс алсаңыз немесе алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгінген дұрыс.

Оқу үшін