NoFake

Мәдениет министрлігінде Конституциялық коалициямен кездесу ұйымдастырылды

Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігінде жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша Жалпыұлттық коалициямен кездесу өтіп, реформаның басты бағыттары таныстырылды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Кездесу барысында конституциялық реформаның негізгі басымдықтары мен стратегиялық маңызы сөз болды. Мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қатынастарды реттейтін нормаларға талдау жасалды.

«Кездесу барысында қатысушыларға конституциялық реформаның басты жаңашылдықтары, оның философиясы мен стратегиялық бағдарлары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын айқындауға, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттің зайырлы сипатын күшейтуге бағытталған нормаларға ерекше назар аударылды. Жаңартылған Конституция жобасы әділет, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілік, егемендік, ел аумағының тұтастығы және заң үстемдігі сияқты құндылықтарды бекітеді», деп хабарлады Министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ресми мәліметте азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейту мәселелеріне басымдық берілгені айтылды. Жиын соңында коалиция мүшелері Ата заңдағы өзгерістерді қолдап, халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызына тоқталды.

Оқу үшін