Елімізде сот жүйесінде ЖИ-ді қолданыла ма: Жоғары сот жауабы

Closeup of gavel judgement concept
Әлемде көптеген елдер сот жүйесінде ЖИ-ді қолдана бастаған. Nofake.kz ҚР Жоғары сотында ЖИ пайдаланыла ма деген сауалға жауап іздеп көрді.
ҚР Жоғары соты ұсынған ақпаратқа сәйкес, саладағы цифрландыру процесі процедураларды автоматтандырудан, сот төрелігінің біртұтас цифрлық платформасын қалыптастыруға көшкен. Бұл шара сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыру, жүктемені оңтайландыру және сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған, дейді мамандар.
«Соттарда жасанды интеллект элементтері бар цифрлық шешімдер енгізілуде. «Сот практикасының цифрлық талдауы» жүйесі мен «Сот практикасын зияткерлік талдау» сервисінің прототипі сот актілерін талдауға, шешімдердің ұқсастығын анықтауға, талап қою фабуласын қалыптастыруға, тараптардың уәждерін айқындауға және істің ықтимал нәтижесін болжауға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, жоба пилоттық режимде 2025 жылдан бастап бірқатар өңірлерде жүзеге асырылып келеді.
«Жасанды интеллектіні пайдалана отырып, сот шешімдерінің жобаларын қалыптастыру бойынша сервистің прототипі әзірленді. Жүйе судьяның орнына шешім қабылдамайды, ол талап қою талаптары толық қанағаттандырылған жағдайда, негізінен оңайлатылған іс жүргізуде қолданылады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, апробациялау (ред. сынақтан өткізу) 2026 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланғаны белгілі болды.
«Роботтандыру технологиялары 2022 жылдан бастап борышкерлердің шетелге шығуына шектеу қою материалдарын санкциялау кезінде, ал 2024 жылғы 1 тамыздан бастап – ЖҚЕ (жол қозғалысы ережелері) саласындағы «даусыз» әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша қолданылуда», — деп түсіндірді мамандар.
Бұл ретте, Жоғары сот өкілдері шешімге қол қою кезінде жауапкершілік судьяда сақталатынын айтады.
«2025 жылы роботтандыруды қолданумен істер мен материалдардың үштен бір бөлігіне жуығы, яғни 2,3 млн-ның 825 мыңы қаралды, бұл судьялардың жүктемесін айтарлықтай төмендетуге және қарау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, құзырлы ведомствоның хабарлауынша, еліміздің сот жүйесінде аудио-видео жазу жүйесі жетілдіріліп келеді.
«Яғни, Face ID арқылы авторизация, қатысушылардың сөйлеуін мәтінге түрлендіру және цифрлық өзара әрекеттесу функциялары енгізілді. Мұны да сынақтан өткізу 2026 жылға жоспарланған», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Жоғары сот өкілдері ЖИ сот актілерін дер кезінде деперсонификациялауды қамтамасыз ететінін жеткізді. Осылайша, 2016–2025 жылдар аралығындағы 20 млн-нан астам құжат өңделген.
Айта кетейік, биыл елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұйрығымен жасанды интеллект және цифрландыру жылы деп жарияланды. Редакция аталған тақырып бойынша шетелдік тәжірибені зерттеу мақсатында, шетел мамандарына да сауал жолдап көрді. Осы орайда, жақында сайтымыздан сот жүйесіндегі ЖИ туралы австралиялық сарапшының сұхбатын оқи аласыздар.


