Президент референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды

Фото: Aqorda
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жарлық Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес қабылданған. Құжатқа сәйкес, республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы: «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн»,-делінген Қаулыда.
Сонымен қатар, Жарлық пен Конституцияның жаңа жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланатыны көрсетілген. Референдумға дайындық пен оны өткізу міндеті Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ аумақтық және учаскелік комиссиялар қызметін атқаратын сайлау органдарына жүктеледі.
Үкімет Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдайды. Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бүгін Жаңа Конституция жобасын әзірлеген Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысы аяқталды.


