Қазақстанда Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы құрылады

Фото: Aqorda
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Президенттің айтуынша, білім саласында бірқатар жүйелік мәселелер бар және кадр даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интеллекті мен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр.
«Білім саласында бірқатар жүйелік проблемалар бар екенін Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктеріне де қатысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оқу бағдарламалары мен стандарттар жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кететінін айтып, жай ғана IT-мамандардың санын көбейту жеткіліксіз екенін жеткізді. Осыған байланысты елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана алатын кәсіби мамандар қажет екенін айтты.
«Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Үкімет өз кезегінде ережелерді айқындап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ тиімді шешімдерді кеңінен таратуға көмектесе алады.


