NoFake

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасымен түбегейлі қоштасып жатыр — Тоқаев

Фото: Aqorda

Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасымен түбегейлі қоштасып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz. 

«Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.

«Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз»,-деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Жиында Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары — Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ бірнеше өңірдің әкімдері өз баяндамаларын оқып, өткен жылдағы жұмыс қорытындыларымен таныстырды. 

Оқу үшін