«Актив Ломбард» желісі бойынша тергеу ісі аяқталды

Коллаж: NoFake.kz
Қаржылық мониторинг агенттігі «Актив Ломбард» желісінің иесі С.С. Койновқа қатысты тергеудің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
ҚМА мәліметінше, өткен жылдың қыркүйек айында комиссиялық дүкен ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы заңсыз микрокредит беру схемасы анықталған. «Актив Ломбард» желісінің иесі С.С. Койнов комиссиялық қызметті пайдаланып, азаматтарға жасырын түрде микрокредит берудің заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
«Комиссиялық шарттар формалды және жалған сипатта болған. Сыйақы мөлшерлемесінің орташа деңгейі тәулігіне 1,73%-дан 2,07%-ға дейін жетіп, белгіленген нормадан (0,3%) 5 есеге жоғары болған», – делінген ҚМА хабарламасында.
ҚМА мәліметінше, бұл схема нәтижесінде 1,9 млн-нан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан. Сонымен қатар, агенттік қылмыстық кірістердің шығу көзін жасыру үшін ақша айналымы бірнеше деңгейлі схема арқылы жүргізілгенін атап өтті.
«Жалған шарттар, сондай-ақ банктік шоттар арасында ақшаны бірнеше рет аудару арқылы кейіннен дивиденд түрінде шығару пайдаланылған. Осы тәсілмен 5 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған», – деп хабарлады агенттік.
Сот санкциясымен конфискациялау мақсатында жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды.Тыйым салынған мүлік қатарында: елордадағы 4 пәтер және 2 тұрғын үй, БАӘ-дегі 4 апартамент, 6 автокөлік, оның ішінде Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport, сондай-ақ депозиттік шоттардағы 2,7 млрд теңге көлеміндегі ақшалай қаражат бар.
Айта кетейік, Сергей Койновтың қамауға алынғанын жазған болатынбыз. Оның төрт сыбайласына қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.


