Медиасауаттылық – басты басымдық: «Әділ сөз» басшысы БАҚ-қа қолдау сұрады

Фото: Aqorda
«Әділ сөз» қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова Ұлттық құрылтайда медиасауатылықты арттырудың маңызына тоқтап, Мемлекет басшысынан отадық БАҚ-ты қолдауды сұрады, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Аймақтық басылымдарды дамыта отырып, біз өз нарративтерімізді қалыптастыру мүмкіндігіне ие боламыз. Сыртқы ықпал күннен күнге күшейіп келеді. Сондықтан оқиғалардың нарративін өзіміз анықтап, түсіндіру логикасын өзіміз қалыптастыруымыз қажет. Медиасауаттылықты жүйелі түрде арттыру маңызды. Ол қоғамды сыртқы манипуляциялардан қорғайды, ал медиасауатты азаматтар жалған ақпаратты ажырата алады. Бірқатар қиындықтарға қарамастан, отандық БАҚ өз жұмысын жалғастырып келеді», — деді қор басшысы.
Сондай-ақ, ол жарнаманың басым бөлігі шетелдік платформаларға табыс әкеліп жатқанын алға тартты.
«Қазіргі таңда ішкі нарықта қалмай, жарнаманың 65 пайызы YouTube пен TikTok платформаларына ағып кетеді. Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттелігін сақтау үшін тәуелсіз, мемлекеттік емес медиа платформаларды қолдау мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Бұл сала қызметкерлеріне лайық еңбекақы төлеуге, сапалы контент жасауға жол ашады. Сонда журналистер тапсырыспен әзірленетін материалдарға немесе жасырын қаржыландыруға тәуелді болмайды. Ал оқырман БАҚ-тың артында кім тұрғанын білуге құқылы», – дейді Жаманқұлова.
Еске салайық, бүгін Қызылордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай өтіп жатыр.


