NoFake

Құлсарыда қатарластарына шабуыл жасаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Скриншот видео

Құлсарыда 10-сынып оқушысы қатарластарына шабуыл жасағаннан кейін ұсталып, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына жетіп, жасөспірімді анықтап, ұстады. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді.Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды», — деп хабарлады Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше, жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Тергеу аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні хабарланды.

Оқу үшін