Конституциядағы жерді шетелдіктерге сату туралы ақпарат жалған — депутат

Фото: Parlament.kz
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек Конституцияның жаңа жобасындағы жерді шетелдіктерге сату туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттардың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Депутат қоғамда әдейі таратылып жатқан қауесеттер Конституция мәтініне мүлде сәйкес келмейтінін айтты.
«Қоғамда қауіпті фейк саналы түрде таралып жатыр. Жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға, қандай да бір тыйымды алып тастауға немесе әлсіретуге мүмкіндік беретін бірде-бір норма жоқ. Қолданыстағы Конституцияның 6-бабындағы жерге қатысты ереже өзгеріссіз жаңа жобаның негізіне алынған», — деді Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, жерді шетел азаматтарына беруге тыйым Конституцияда емес, Жер кодексінде нақты бекітілген және ол норма күшінде қала береді.
«Жерді шетелдіктерге сату немесе беру мәселесі Жер кодексінің 24-бабымен реттеледі. Жаңа Конституция бұл тыйымды жоймайды да, әлсіретпейді де. Жер — халықтың ұлттық байлығы болып қала береді», — деп атап өтті депутат.
Ескел салсақ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желідегі жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынып тасталғаны туралы қауесет тарағанын жазған болатынбыз. Конституция туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады.


