WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі: полиция ескерту жасады

Фото: Gov.kz
WhatsApp-та кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті.
«Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолдануда. Бұл әдіс GhostPairing деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді», — деп жазды Polisia басылымы.
Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді.
«Сценарийі қарапайым. Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды. Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік)», — делінген хабарламада.
Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды. WhatsApp-ты басып алуын анықтаудың жалғыз жолы — «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру.
«Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуы тиіс. Полиция қызметкерлері киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болуды ескертеді. WhatsApp кодын бөгде парақшаларға енгізбеуге, екі факторлы аутентификацияны пайдалануға аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отыруға кеңес береді», — деп ескертті Бас прокуратура.
Айта кетейік, бұған дейін желіде WhatsApp желісі тегін болатыны туралы жалған ақпарат тарағанын жазған едік.


