NoFake

Қостанай облысында жалған құжатқа қатысты 36 дерек анықталды

Depositphotos 771142708 L

Фото: Depositphotos

Қостанай облысында жалған құжаттарды дайындау және пайдалану фактілері көбейіп кеткен. Өңір прокуратурасының мәліметінше, биыл жеке адамдар тарапынан жасалған 36 құқықбұзушылық тіркелген. Олар жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызметтер алу және түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеу кезінде анықталған, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Тамыз айында шекара қызметі көлік тіркеу құжатында газ жабдығы орнатылғаны туралы жалған белгі жасаған жүргізушіні ұстаған. Сот оған 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салды. Басқа жағдайларда жалған жүргізуші куәлігін пайдаланған екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұлға кесілген. Қараша айында облыстық прокуратура өңір тұрғынына қатысты жалған ветеринариялық анықтамалар дайындау және пайдалану дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жіберді. Сондай-ақ жалған жоғары білім туралы диплом негізінде жалақыға заңсыз үстемақы алған қызметкер анықталған» — деді Қостанай облыстық прокуратурасы ресми хабарламасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қылмыстық кодекстің 385-бабында:

құжаттарды қолдан жасағаны үшін – 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл, қоғамдық немесе түзеу жұмыстары, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру;

осы әрекеттерді бірнеше рет немесе алдын ала сөз байласқан топ жасаған жағдайда – төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру;

көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін – 160 АЕК-ке дейін айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Прокуратура азаматтарға құжаттарды тек уәкілетті мемлекеттік органдардан ресімдеуді және жалған анықтама, диплом, куәлік қолданбауды ескертеді. Сонымен қатар жұмысқа қабылдау кезінде ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығын тексеру қажеттігін атап өтті.

Оқу үшін