Желіде депутаттың образындағы дипфейктер сериясы тарап жатыр

Кадрлер жалған видеодан
Әлеуметтік желілерді зейнетақы жарналарына қатысты жаңа дипфейк толқыны шарлап кетті. «Депутаттардың жалған сөздері» миллиондаған қаралым жинап жұртты шатастырып жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
TikTok-та @holygamestream атты қолданушы жариялаған видео тез тарады. Онда депутат образына енген ер адам үкіметті азаматтардың зейнетақы аударымдарын мемлекеттік қарыздарды өтеу үшін пайдаланып жатыр деп айыптағандай көрінеді. Сондай-ақ ол инвестиция мен инновация деген желеумен ұрлықты тоқтатуға шақырып, эмоциялық үндеу жасайды.
Бейнежазба қысқа уақытта үш миллионнан астам қаралым, 147 мыңнан көп лүпіл және шамамен 8 мың пікір жинаған. Қолданушылар оны қолдап, кім екенін анықтауға тырысады, алайда олардың көбі бұл — жай ғана дипфейк екенінен бейхабар.
Роликтің жасанды екенін бірқатар белгілерден байқауға болады: ер адамның иығы қозғалған сайын кейде жоғалып, қайта пайда болып тұрады; беті табиғи мимикасыз қатып қалған; залдағы адамдар мүлде қимылдамайды.
Айта кетейік, видео авторы бұған дейін де ЖИ арқылы «депутаттардың сөздерін» жасауға тырысқан. Оның көптеген роликтері зейнетақы аударымдары тақырыбына арналған және шынайы өмірде болмаған эмоциялық үндеулерге құрылған. Профилінің сипаттамасында автор видеолардың жасанды интеллект көмегімен әзірленгенін және әзіл мақсатында жасалғанын көрсеткен.
Бұған дейін nofake.kz/ осы автордың өзге нейрожелілік дипфейктерін де талдаған болатын. Олар да зейнетақы жарналары тақырыбына арналған еді.


