Журналистер Құрылтай депутаттарымен қалай байланысады – Құрылтай аппараты түсіндірді

Фото: Aqorda
Құрылтайда журналистердің депутаттармен және Үкімет мүшелерімен жұмыс істеу тәртібі өзгереді. Енді БАҚ өкілдерінің олармен негізгі коммуникациясы арнайы баспасөз орталығында және Құрылтайдың күн тәртібі аясында өтеді. Жаңа форматты Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков түсіндірді.
Оның айтуынша, Құрылтай ғимаратында БАҚ жұмысының жаңа форматына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатқандықтан, енгізілетін өзгерістерді нақтылау қажеттілігі туындаған.
Кальянбеков енді журналистердің депутаттармен және Құрылтайға шақырылған Үкімет мүшелерімен коммуникациясы баспасөз орталығында, Құрылтайдың күн тәртібі аясында ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Мұнда тұрақты түрде брифингтер өткізіліп, олардың тақырыбы мен қатысушылары алдын ала хабарланады.
«Біздің мақсатымыз – Құрылтайда қаралатын заң жобаларының мәнін қоғамға барынша түсінікті әрі толық жеткізу, әрбір құқықтық жаңашылдықтың маңызын ашып көрсету және қабылданатын шешімдердің азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру», – деді Болат Кальянбеков.
Ал журналистерде Құрылтайдың күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтар туындаса, депутатпен сұхбат басқа тәртіппен ұйымдастырылады. Ол үшін БАҚ өкілдері Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметтеріне жүгіне алады.
«Баспасөз қызметі депутатпен жедел түрде сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі. Айта кетейік, кейбір БАҚ өкілдері бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде пайдаланып үлгерді және баспасөз қызметі тарапынан оларға қажетті барлық қолдау көрсетілді», – деп жазды ол.
Құрылтай аппараты өкілінің сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес келеді. Жаңа аккредиттеу қағидалары Құрылтай Бюросында қабылданбақ. Сонымен бірге Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан болғандықтан, онда өткізу және нысанішілік режим талаптары сақталады.
Кальянбеков жаңа форматты әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе де зерттелгенін атап өтті.
«Әлемнің жетекші парламенттерінде БАҚ өкілдерінің депутаттармен өзара іс-әрекеті, әсіресе сұхбат алу, телевизиялық тікелей қосылымдар мен түсірілімдер жүргізу арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады. Бұл журналистерге кәсіби жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасап, Құрылтай депутаттарымен коммуникацияны жүйелі әрі ұйымдасқан сипатқа көшіруге мүмкіндік береді», – деді ол.
Осылайша, жаңа формат бойынша журналистер депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен Құрылтайдың күн тәртібі аясында баспасөз орталығында жұмыс істейді. Ал күн тәртібінен тыс мәселелер бойынша депутаттан сұхбат алу үшін Құрылтайдың немесе тиісті саяси партияның баспасөз қызметі арқылы кездесу ұйымдастыру қарастырылған.


