NoFake

Жұманғарин мемлекет қарызды не үшін алатынын түсіндірді

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтай отырысынан кейін өткен брифинг барысында мемлекет неге сырттан қарыз алатынын қарапайым мысалмен түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz

Оның айтуынша, қосымша қаржы елдің даму қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Министр қарыз алуды компания немесе жеке адамның дамуымен салыстырды.

«Сізде белгілі бір капитал бар дейік. Сол капиталдың шеңберінде ғана дамуға болады немесе қосымша қаражат тарта аласыз. Қатаң есеп жүргізіп, тәуекелдерден сақтанып, қосымша қаражат тартсаңыз, даму қарқыны жылдамырақ болады», — деді министр.

Жұманғарин халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз тартудың да осы тұрғыда маңызды екенін атап өтті.

«Сондықтан, қарыз тарту, әсіресе, халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу – бұл дұрыс шешім. Елдің дамуы әлдеқайда жылдам жүреді», — деді ол.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 38,5 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-нің 20,9%-ына тең. Ал үкіметтің қарызы – ЖІӨ-нің шамамен 20%-ы. Бұл ретте мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген көрсеткіш 32% ЖІӨ деңгейінде.

«Біз қарыздың қанша екенін, қалай қарыз алатынымызды және кімнен қарыз алатынымызды өте мұқият қадағалаймыз», — деді Ұлттық экономика министрі.

Министр Ұлттық қорда және басқа да қаржы құралдарында жеткілікті капитал буферлері бар екенін атап өтті.

«Сондықтан бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады», — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан қарызының 75%-дан астамы ішкі нарықтан тартылған.

Оқу үшін